Атырауда мониторингтік топтар 48 млн теңге айыппұл салған

Жыл басынан бері Атырау облысында карантиндік шектеулерді бұзудың 500-ге жуық фактісі тіркелді.

Қазіргі кезде өңір «қызыл» аймақта тұр. Осы орайда, эпид ахуалдың нашарлауына байланысты мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді.

Мониторингтік топтар жалпы саны 10 мыңға жуық рейдтік шара ұйымдастырып, 42 542 нысанды тексерген. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 48 млн теңгеден астам. Оның ішінде, 1-12 шілде аралығында 344 тексеру шарасы өткізіліп, 1 190 нысан бақылауға алынды. 20 нысан карантиндік шектеу шараларын бұзған. Орын алған заңбұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, 2 млн 500 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Давлетов тексеріс кезінде мониторингтік топтар бірқатар қиындықтарға тап болғанын айтады.

- Атырау қаласының өзінде 13 мониторингтік топ бар. Жұмыс күндері күндізгі уақытта қаланы аралауға бір топ шығатын болса, демалыс күндері үш топ нысандарға тексеріс жүргізеді. Мобильдік топтардың нысан ішіне кіруіне кедергілер туындайтын кездер де болады. Өйткені нысан иелері есікті ішінен құлыптап, жұмыс жасай береді. Осындай себептерге байланысты ұзақ уақыт бойы нысанның ішіне кіріп, тексеріс жүргізе алмайды. Көп жағдайда мейрамхана қожайындарымен, салтанатты шара иелерімен түсініспеушіліктер мен кикілжіңдер орын алып жатады. Дегенмен, біз профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тырысамыз, ал жинақталған материалды әрі қарай шара қолдануы үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолдаймыз, – дейді Руслан Давлетов.

Бөлім басшысының айтуынша, «Флория» диско-клубы, «Vivaldi» ресто-бары, «SKY BAR» караоке-бары, «End Ne Stimz» лаундж-бары, «Рыба моей мечты» караоке-бары және «URBAN» лофт-бары шектеулерді жиі бұзатын нысандар қатарында екенін тілге тиек етті.

Айта кетейік, эпидемиологиялық ахуалға байланысты Атырау «қызыл» аймақта болғандықтан, карантиндік шектеулердің бұзылуын алдын алу бойынша мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілген режимге көшті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521