Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «NCOC» компаниясы облыстық мүгедектерді сауықтыру орталығына бірнеше душ түрлерін және гидромассажды ваннаны тарту етті. Жаңа жабдықтар орталықтың сумен емдеу бөлімшесіне орналастырылды.
- Мүгедектігі бар жандар үшін сумен емдеу терапиясы аса маңызды. Осы уақытқа дейін қолданыста болған жабдықтар ескіріп тұрғандықтан, ем-домды толық жүргізуге қолайсыз еді. NCOC компаниясының қолдауымен жаңа заманауи технологияларға негізделген сумен емдеу жабдықтарына қол жеткіздік. Енді, науқастарға ем-дом жүргізу ыңғайлы және нәтижелі болады деп сенемін – деді орталық дәрігері Зухра Ибрагимова.
Орталық сыйымдылығы 55 кереуеттік, оның ішінде 20 стационарлық орын, 35 күндізгі стационарға арналған орын бар. Орталық облыс аумағында тұратын 1, 2 топтағы жасы 15-тен асқан мүмкіндігі шектеулі адамдарға емдеу-оңалту шараларын жүргізу арқылы толықтай сырқатынан айықтыруды немесе күнделікті тұрмысқа икемдеуді мақсат етеді. Мұнда жылына 1200 мүмкіндігі шектеулі адамға қызмет көрсетілуде.