Атырауда «Таза Қазақстан» аясындағы өңірлік көгалдандыру жұмыстары талқыланды

 

Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің төрағалығымен «Таза Қазақстан: аймақтық деңгейдегі үйлесімді іс-қимыл және жауапкершілік» тақырыбында кеңес өтті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жиында облыстағы санитариялық тазалық, заңсыз қоқыс орындарын жою, тұрмыстық қалдықтарды басқару және экологиялық мәдениетті арттыру шараларымен қатар көгалдандыруға ерекше басымдық берілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2021-2025 жылдарға арналған Атырау облысының елді мекендерін көгалдандыру және жасыл аймақтар жасау жөніндегі өңірлік жоспар бекітілген. Ол бойынша бес жыл ішінде 275 гектар жерге 540 мың түп ағаш отырғызу көзделген. Оның ішінде 2021-2024 жылдары 212 гектарға 394 мыңнан астам көшет егілді. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, барлық аудан қамтылды.

2025 жылдың көктемгі маусымында 24 гектар жерге 37 мыңнан астам ағаш отырғызылып, жоспардың 25 пайызы орындалды. Дегенмен Атырау қаласы, Индер және Жылыой аудандарында көрсеткіш айтарлықтай төмен болып отыр. Жоспардың толық орындалмауы көктемгі су тасқынының салдарымен түсіндірілді. Қалған жұмыстар күзгі маусымда аяқталуы тиіс.

Кеңесте заңсыз қоқыс орындарын анықтау үшін дрон және ғарыштық мониторингтің қолданылып отырғаны айтылды. Биыл 40-қа жуық рұқсатсыз қоқыс орны тіркелген, олардың бір бөлігі жойылғанымен толық тазалау жұмыстары жалғасуда. Сонымен бірге 6 мыңнан астам экологиялық құқықбұзушылық анықталып, кінәлілерге айыппұл салынды.

Оқушылар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында 200-ден астам «жасыл клуб» құрылып, түлектердің ағаш егу челленджі жалғасуда. Жастар ұйымдары мен волонтерлердің белсенді қатысуымен 100-ден астам экологиялық акция өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде экологиялық тақырыпты насихаттау кеңінен жүргізіліп келеді.

Кеңес қорытындысында Марат Мурзиев аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берді.

– «Таза Қазақстан» – тек сенбілік емес, өңірдің экологиялық мәдениетін қалыптастыратын жүйелі бағдарлама. Әр аудан күзгі маусымда жоспарды толық орындап, заңсыз қоқыс орындарына «нөлдік төзімділік» қағидатын ұстануы тиіс. Әрбір тұрғын өз ауласынан бастап табиғатты қорғауға үлес қосқанда ғана біз көздеген нәтижеге жетеміз, – деді ол.

Жиын соңында аудан әкімдіктеріне көгалдандыру мен санитариялық тазалық жұмыстарын күшейту, күзгі отырғызу науқанын толық орындау және қоғамдық бақылауды арттыру тапсырылды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT