Атырау облыстық полиция департаментінің бастығының бұйрығымен 15 желтоқсаннан бастап "Пиротехника" жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Департаменттің баспасөз қызметі пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатуды анықтауға бағытталған іс-шара барысында Атырауда заңсыз отшашу сатумен айналысқан 3 тұлға анықталғанын хабарлайды.
Мекеменің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланған ақпарат бойынша 22 желтоқсан күні сағат 12:30 шамасында Махамбет көшесінде орналасқан М.Өтемісұлы атындағы драма театрдың алдында 1971 жылы туған азаматшаның жаңажылдық отшашу сатқаны анықталыпты.
Ал, 25 желтоқсан күні сағат 22:50 шамасында Атырау қаласы, Еркінқала мөлтекауданы, Түсіпқалиев көшесінің бойында жаңа жылдық отшашу сатқан және оны “Whats Арp” желісінде жарнамалаған 30 жастағы қала тұрғыны ұсталса, 25 желтоқсан күні СМП 136 мөлтекауданында орналасқан "Раш" сауда орталығының алдында 1997 жылы туған азаматша жаңа жылдық отшашу сатқан.
"Аталған үш факті бойынша ұсталған азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабымен әкімшілік хаттама жасақталып, әрқайсысына 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды" делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, пиротехникалық бұйымдарды барлық қауіпсіздік талаптары сәйкес және міндетті сертификаты болған жағдайда ғана сатуға болады.