Бүгінде мүгедектігі бар адамдар «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы қажетті техникалық құралдардың 55 түріне тапсырыс беріп, курорттық-шипажайларға онлайн жоладама алуына болады. Бұл туралы «Әлеуметтік қызметтер порталы» тақырыбында өткен онлайн-брифингте, Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов айтты - деп, хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі
Сонымен қатар, аталған интернет-портал арқылы мүгедектер жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін, қолайлы қызметтің тағы бір түрі - «www.inva.gov.kz» порталы. Мұнда, олар әлеуметтік және инфрақұрылым нысандары туралы ақпарат алады. Яғни, сайтқа өтіп, өзіне қажетті нысанды іздеп, оның ішінде өз санатына қарай қаншалықты қолайлы жағдай жасалғандығын біле алады. Сондай-ақ, облыстағы әр обьект туралы пікір жазып қалдыруына болады. Бұдан бөлек, онлайн түрде мемлекеттік қызметтерді алып, қолдау және оңалту шаралары туралы мағлұмат алып отыруға мүмкіндік бар.
- Осы брифингті пайдалана отырып, мүмкіндігі шектеулі жандарды аталған портал қызметтерін пайдалануға шақырамын. Қала, аудандық бөлімдерде көмектесу бұрыштамасы бар, өздеріңіздің ЭЦК кілті арқылы тапсырыс берулеріңізге болады. Онлайн жүйе – қолайлы қызмет! Сондықтанда үйден шықпай-ақ, қажетті қағаздарыңызды ала аласыздар – деді, басқарма басшысы А.Мәмбетов
Айта кетейік, жалпы облыстағы барлық санаттағы мүгедектердің саны – 23 524 адам. Бүгінде, оларға әр түрлі әлеуметтік қызметтер көрсетіліп отыр. Соның бірі, «Инватакси». 2021 жылғы 8 айда 25 инватакси қозғалуда қиындығы бар мүгедектерге тасымал жасады.