Мемлекеттік қызмет тек қағазбастылық пен кеңседегі тынымсыз тірлік қана емес. Бұл – әркез сергек ой, салауатты өмір салты мен үздіксіз даму жолындағы жауапты еңбек. Осы ұстанымды өмірлік қағида еткен ауданның мемлекеттік қызметшілері тағы бір мәрте өздерінің жан-жақты қабілеттерін дәлелдеді.
Таяуда Шығыстың шырайлы шаһары Өскеменде өткен Мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиадада Атырау облысының атынан сынға түскен құраманың сапында Исатай ауданынан алты қызметкер бақ сынады. Бұл сапар – жай жарыс емес, ел абыройын асқақтатқан үлкен дода болды.
Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Марат Жұмабеков қазақ күресінен финалға дейін сүрінбей жетіп, күміс жүлдені қанжығасына байлады. Шыны керек, боз кілемде белдесу – тек дене емес, рухтың да шыныққанын көрсететін алаң. Марат Жұмабекұлының бұл жеңісі – ауданда спорттың дамуына сіңіріп жүрген еңбегінің айқын көрінісі.
Құрыш білек, бірлік пен төзімді талап ететін арқан тарту сайысында аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек Қуанғали облыс құрамасына сенімді тірек болды. Қола жүлдені жеңіп алған команданың қатарында исатайлық азаматтың болғаны – аудан үшін зор мақтаныш.
Волейбол мен шағын футболдан сынға түскен Қамысқала ауылдық округі әкімдігінің бас маман есепшісі Шымберген Дәулет және аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Қазыбек Тұрақбай да өздерінің спорттық дайындығын жоғары деңгейде көрсетіп, 4-ші орынға тұрақтаған командалардың белді мүшесі атанды. Бір қарағанда бұл орындар – жүлдесіз секілді көрінгенмен, республикалық деңгейде үздік бестіктен табылу – екінің біріне бұйыра бермейтін жетістік.
Оймен ойналатын тоғызқұмалақта Ерболат Махашов, ал үстел теннисінен Гүлзада Әбілова қарсыластарына оңай шағылатын жаңғақ болмады. Екеуі де үздік ондықтың қатарынан көрініп, Атырау облысы қоржынына бағалы ұпайлар сыйлады.
Осындай жан-жақты үлес пен үздік өнердің арқасында Атырау облысы мемлекеттік қызметшілері биылғы спартакиада тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Бұл – тек жеңіс емес, әр қызметкердің жүрегінде туған жеріне, еліне деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі.
Спартакиададан оралған жеңімпаздарды аудан әріптестері арнайы күтіп алып, құттықтап, құрмет көрсетті. Әріптестер арасындағы қолдау мен қуаныштың өзі – рухани серпін, ұжымдық ынтымақтың көркем көрінісі.
Спорт – адамның болмысын тәрбиелейтін, жігерін жанитын, ерік-жігер мен табандылықты шыңдайтын мектеп. Мемлекеттік қызметшілердің мұндай бәсекеде бәсі биік болғаны – олардың кәсіби қабілетімен қатар, жан-жақты дамуға талпынысының айғағы.
Әсел ТАБИҒАТОВА