«Жаркыра» жобасы невропатолог-дәрігер Лаура Исаева үшін жаңа тарихтың бастауы болды: осы жобаның қолдауымен ол ерекше балаларға арналған заманауи оңалту орталығын ашты.
2020 жылы Лаура Исаева «Жаркыра» жобасы туралы алғаш естіген кезде, оған қатысу оның өмірін де, жүздеген отбасының тағдырын да түбегейлі өзгертері туралы ойламаған еді. Сол жылы ол байқау жеңімпазы атанып, өз әлеуметтік ісін дамыту үшін пайызсыз қарыз алды. Бұл қаражат — бір жарым миллион теңге — Атырау облысындағы алғашқы биоакустикалық коррекциясы кабинетін ашуға негіз болды.
Бүгінде бұл кабинет жыл сайын екі мыңға жуық балаға көмек көрсететін заманауи оңалту орталығына айналды. Мұнда логопедтер, психологтар, невропатологтар және медициналық техника мамандары жұмыс істейді. Орталықта аутизмі бар балаларға, СДВГ (назар мен гиперактивтілік бұзылысы), сөйлеу мен психикалық дамудағы кешеуілдеуі бар балаларға, сондай-ақ оқуда, жазуда және математикада қиындық көріп жүрген оқушыларға көмек көрсетіледі.
Жобаның тарихы жеке тағдырмен байланысты басталды. Лаураның үлкен ұлына «аутизм» диагнозы қойылғаннан кейін, ол жұмысын тастап, баласының еміне толықтай ден қоюды шешті. Тиімді әдістерді іздеу барысында дәрігер жаңа тәсілдерді зерттеп, үздік мамандармен кеңесті және тек өз баласына ғана емес, осындай қиындыққа тап болған өзге отбасыларға да көмектесуге бел буды.
2024 жылы Лаура «Жаркыра» жобасына қайта қатысып, екінші рет қолдау тапты. Бұл жолы ол «Мектеп дағдыларын түзетудің инновациялық әдісі» атты жобасын жүзеге асыру үшін грант алды. Жоба оқу, математика және басқа да функционалдық дағдыларда қиындықтары бар балаларға көмек көрсетуге бағытталған. Лаура сатып алған «Нейростим» нейростимуляторы логопед немесе психологтың жұмысын ми стимуляциясымен қатар жүргізуге мүмкіндік береді, бұл терапияның тиімділігін арттырады.
«Біз кешенді әрі инновациялық тәсілді қолданамыз: маман баламен жұмыс істеп жатқанда, параллель түрде мидың стимуляциясы жүреді. Бұл баланың дамуын жылдамдатып, нәтижені айқынырақ етеді», — дейді Лаура Исаева.
Бес жыл ішінде орталық мыңдаған балаға көмектесті: көпшілігі сөйлей бастады, мектепке барды, қоғамға бейімделді. Жаңа пациенттердің басым бөлігі орталыққа алғыс білдірген ата-аналардың ұсынысы бойынша келеді — бұл команданың ең жоғары бағасы.
«Жаркыра» жобасы «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Жоба Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Ол жергілікті қауымдастықтардың дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және адамдардың өмірін жақсартатын тұрақты бастамалардың қалыптасуына ықпал етеді.

