Атырау гарнизонының 41433 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген қатардағы сарбаз Айдос Бикбульсинов қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионатында топ жарды.
17–19 қазан аралығында Астана қаласында өткен Азия чемпионатына 16 мемлекеттен 800-ге жуық спортшы қатысқан. Байрақты бәсекеде Айдос 65 келі салмақ дәрежесінде барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Азия чемпионы атанды.
Чемпионымыз жарысқа дайындықты толықтай 41433 әскери бөлімінде өткізгенін және қолдау білдірген бөлім басшылығына алғыс айтқанын жеткізді. Бұл жеңіс – тек жеке жетістік емес, Атырау өңірінің және Қазақстан әскерінің абыройын асқақтатқан жарқын жеңіс!