Исатай ауданының әкімі Исатай, Зинеден ауылының тұрғындарымен кездесті

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, әр деңгейдегі әкімдердің жыл сайынғы есеп беру жиындары тұрғындармен тұрақты кездесу форматына өзгертіліп, әкімдер тоқсан сайын халықпен кездесетін болды.

Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасановтың Зинеден және Исатай ауылдық округтеріндегі кездесу жиынына аудан прокуроры, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаттары, коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің өкілдері және жергілікті қоғамдастық мүшелері қатысты.

Кездесуде Полымбет Хасанов жыл басында ауыл әкімінің есеп беру жиынында талқыланған кейбір мәселелердің оң шешім тапқанын айтты. 

- Зинеден ауылына 5 шақырым 100 метр ауылішілік жол салу жобалық сметалық құжаттамасы дайын. Қазір мемлекеттік сатып алу жариялауға тапсырыс берілді. Құны 600 млн. теңге болатын жобаның облыстық бюджеттен он пайызы, яғни 61 млн. 300 мың теңге қаржысы бөлінді. Жеңімпаз мердігер анықталғаннан кейін, ауылішілік жол құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр.

Ауылдағы фелдшерлік пунктке күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін мемлекеттік сатып алу жарияланып, жеңімпаз мердігер мекеме анықталды. Тиісті қаржысы бөлініп тұр, жуық арада жөндеу жұмыстары басталады.

2012 жылы салынған шағын футбол алаңының құрылысы тиісті деңгейге жетпей жасалуына байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржысы бөлінді.

Зинеден ауылдық округіне қарасты Амангелді елді мекені толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Амангелді ауылдық кітапханасына жылу жүйесі орнатылды, - деді. 

Сонымен қатар, Зинеден ауылішілік жолдарына белгілер орнатуды, округ әкімі Ерлан Мақсотовқа аудандық полиция бөлімімен ақылдаса отырып жасауды тапсырды.

Зинеден ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақсотов та жасалған жұмыстарды атап өтті.

-  «Атырау-жарық» акционерлік қоғамына сұраныстар жіберіліп, Амангелді елді мекеніндегі электр желілері ауыстырылды. Құлау қаупі бар ескі ағаш, тас бағаналарды да жаңасына ауыстырып беруге уәделерін берді.

Амангелді ауылдық кітапханасына жәй жөндеу жұмыстары биыл жүргізіледі, бірақ келесі жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалау сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр.

Сонымен қатар, ауылға алдағы уақытта жәрмеңке ұйымдастыру, итқұсты жою, қолжетімді бағада балық сату мәселелері қолға алынуда,-дейді округ әкімі Ерлан Мақсотов.

Исатай ауылының тұрғындарымен өткен басқосуда да атқарылған және атқарылуы тиіс бірқатар жұмыстар баяндалды. Аудан әкімі Исатай ауылы бойынша жұмысы тоқтап тұрған екі мәселе туралы айтты. Ол – сегіз шақырымның үстінде ауылішілік жол салу жұмысы мен жолға ток желісін тарту мәселесі. Оның айтуынша, ауылішілік жол сәуір айынан бастап қолға алынады.

Исатай ауылдық округінің әкімі Аслан Ғұбашев атқарылған іс-шараларды ауыл тұрғындарына таныстырып өтті.

Кездесу жиынына жиналған тұрғындар ұсыныс пікірлерін ортаға салып, оларға заң аясында тиісті жауаптар берілді. Бұл жиында айтылған атқарылуы тиіс жұмыстардың келесі кездесуге дейін көбі орындалуы ықтимал. Өйткені, бүгінгі нәтижелі жұмыс, алдыңғы есеп берулерде ұсыныс етілген мәселелер еді.

Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT