Енді екі аптадан соң қоңыр күз де басталады. «Балапанды күзде санайды» демекші, жиын-терімнің уақыты бұл. Сол жиын-теріннің бірі – алдағы қыстақ кезеңіне мал азығын қамдап қалу. Сол мақсатпен аудан көлеміндегі шабындықтарға шалғы түсе бастағалы да екі-үш аптаның жүзі болып қалды.
Иә, алдымыз қыс. Сын шақта сыр бермес үшін оның қамын ертерек ойлап үйренген шаруа адамы керекті мал азығын шотқа соғып қойғалы қашан? Сол есептен белгілі болғаны - аудан бойынша 2023-2024 жылдардың қысқы кезеңіне дайындалуы керек мал азығы 80 720 тонна. Оның 4 350 тоннасы өткен жылдан қалған қалдық пішен дегенде, биылғы жылға дайындалуға тиістісі - 76 370 тонна.
Қазір аудан көлеміндегі табиғи көлтабандардан, басқа да шабындық алқаптардан шөп шабу науқаны қызу қарқын алған шақ. Есеп бойынша қажетті пішеннің 26 730 тоннасы осы аумақтардан әзірленетін болған.Оның жайы нешік екенін білмек болған біз Тұщықұдық ауылдық округінің Ақкөл учаскесінде мал азығын дайындаумен айналысып жатқан шаруагер Сансызбай Нұржановтың ауылына ат басын тіредік. Күн сенбі, елдің көбі бұл уақытта демалып жатқанымен, шаруагерді шабындық басындағы қызу еңбек үстінде жолықтырдық.
Алғаш құрылғалы бергі жиырма жылда шаруагерлік істе мол тәжірибе жинақтаған Сансызбай Ханимұлы қожалығында төрт түлікті де өсіреді. Айтуынша, қыстақ орны орналасқан осы учаскедегі табиғи көлтабаннан жыл сайын пішен шауып, жемшөп дайындау науқанына белсене қатысып келеді. Шаруашылығының жалпы жер көлемі 295 га-ны құрайды, негізінен жайылымдық жерлер. Балақұрақ, қараөлең аралас өсетін көлтабаннан мал азығын әуелі өзіне дайындайды, артылғанын ауылдастарына қолжетімді бағаға сатады.
- Науқанға кіріскелі екі аптадай уақыт болды. Техника болғасын бұзылып, сынып дегендей, кідірістер де болып тұрады ғой. Күн демалыс екен деп жатуға уақыт жоқ. Науқанды нәтижелі өткізу ерінбей еңбектенуге де байланысты,-дейді шаруагер.
Біз енді дайын болған пішен орамаларының алды тіркемелерге тиеле бастаған, орақ тіркеген трактор бір тыным таппаған шабындық қоршауынан шығып кеткенше толассыз шалғы сырылы мен тынымсыз трактор үні біраз жерге дейін бірге ілесе жүрді.