Мақат кентіндегі “Жеңіс” саябағында аудан әкімі Азамат Мәмбетов “Еркін пікір - ортақ шешім” тақырыбында аудан жастарымен кездесу өткізді.
Еркін форматта өткен кездесуге блогерлер, спортшылар және ауданның әр саласындағы белсенді жастары қатысты.
Аудан жастары көкейлеріндегі сауалдарын ашық қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу барысында кадр тапшылығы, жас мамандарды ауданға тарту, қорғаныс саласына ынталандыру, экология мәселелері, кітап оқуға баулу, кәсіпкерлікті дамыту, білім мен спорт саласын жетілдіру, сонымен қатар ұлттық спорт түрлерін дамыту және цифрландыру тақырыптары кеңінен талқыланды.
Аудан әкімі әр бағыт бойынша нақты пікір білдіріп, кейбір мәселелер бойынша қолға алынған жобалар мен болашақ жоспарлар жөнінде айтып өтті.
Сондай-ақ, аудан басшысы Азамат Саматұлы жастарды өңірдің дамуына белсенді араласуға шақырып, ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Жастармен кездесу барысында фуршет ұйымдастырылып, жастар өзара пікір алмасты.
Осылайша, “Жеңіс” саябағында өткен бұл шарада аудан жастары еркін пікір білдіруге мүмкіндік алды.
Ә.ҚАСЫМ