Əуеге толық көтерілмей жатып, апатқа ұшыраған "БекЭйр" ұшағының аман қалған жолаушыларының қатарындағы жақында ғана отбасын құрған алматылық жас жұбайлар Жандос Ескеров пен Динара Дəулет өздерін өмірге қайта келдік деп есептейді.
- Біз жұбайым Динара екеуміз қараша айында шаңырақ көтердік. Жаңа жылды Нұр-Сұлтан қаласында тұратын анамызбен бірге қарсы алайық жəне болашаққа құрған жоспарларымызды еліміздің астанасында жүзеге асырмақ ниетпен осы ұшаққа билет алғанбыз. Кештеу тіркелгендіктен, билет 20-қатардағы орындардан бұйырды. Динара да артқы орындардан алғанымызды қалады. Сол кезде, шынымды айтсам, "жұбайымның қалауы өмірімізді сақтап қалады" деген ойымызда да болған жоқ.
Апатқа ұшыраған ұшақтың ішінде болу деген ешкімнің басына тілемейтін ауыр жағдай екен. Оны тек басынан кешкен адамдар ғана сезіне алды. Бүкіл өмірім көз алдымнан тізбектеліп өте берді, біткен жеріміз осы деп ойладым. Қасымдағы Динарамды құшағыма алып, аузымнан Алламды тастамадым, бар білетін дұғаларымды оқи бердім. Ұшақ толық тоқтағанда, келіншегім екеуміз қол ұстасып, шығар есікке қарай жүгірдік. Ұшақта қызмет ететін əуесерікке мың алғыс. Абдырап-саспай, апатты есікті ашып, жолаушылардың сыртқа шығуына көмектесіп, өз міндетін соңына дейін атқарып шықты. Жанармай иісі ұшақтың ішін алып кетті. Жарыла ма деп үрейленген жолаушылар далаға шыға сала, ұшақтан алысырақ кетуге тырысты. Жарылыс қаупінің жоқ екеніне көзіміз жеткен соң, тиісті көмек келіп жеткенше, ер-азаматтар ұшақтағы жарақаттанғандарды, қиранды астындағы адамдарды шығаруға мүмкіндігімізше көмек көрсеттік.
Өрт сөндіру, төтенше жағдай жасақтары келіп жеткен соң, бізді "жедел жəрдеммен" 4-ауруханаға жеткізді. Дəрігерлер бізді қарап, тексеріп, тиісті ем-шараларын жасап, 20 күнге дейін қабылдайтын дəрі-дəрмектерді жазып берді. Əйтеуір, ауыр жарақат алудан аманбыз. Бірақ көз алдында ұшақтың жартысы бөлініп кеткенін көрген Динараның қатты қорқып қалғаны рас. Апаттан аман қалғаннан кейін ғана ата-аналарымызға хабарласып, тірі екенімізді жеткіздік.
Жалпы, өзім ұшақпен жүруді аса қаламаймын. Тек уақыт тығыздығына қарай ғана ұшатынмын. Осы əуедегі үшінші сапарым болатын. Енді мына апаттан кейін ұшуым екіталай деп отырмын.
Не болғанда да, Құдай бізді мықтап сақтады. 27 желтоқсан біз үшін қайтадан өмірге келген күніміз болып мəңгі есімізде қалады.
Айгүл Ахметова
"Заң газеті"