banner_damu

Әуедегі арпалыс

Оның ойында ұшақтың ішіндегі жиырма жолаушыны қалайда аман алып қалу тұрды. Қара түтінге тұншыққан темір қауыз бір-ақ секундтың ішінде қызыл жалынға айналуы мүмкін. Одан әрі қарай не болатыны айтпаса да түсінікті...

Не істеу керек?!

Күтпеген оқиғаны бақылауды уыстан шығарып алуға болмайды. Қорқыныш билеген ішкі ойларын тірі жанға сездірмеу керек. Экипаждың командирі өзі. Жеке құрам болса мұның іс-әрекетіне қарап, бұйрығын күтіп отыр.

Майор Әлімжан Матмұсаев осы кезге дейін жинаған тәжірибесі мен алған білімін әп-сәтте ой көзімен шолып шықты. Қалай болғанда дұрыс шешім қабылдауға тиіс. Не істеу керек?.. Осы ой оның санасына қанша рет келіп-кетті десеңізші?! Жағдайды бір қалыпқа келтіргенге дейін ұшақтың автопилот режімін қосуға тура келді.

Жер бауырлап ұшқан қарлығаштай көкке көтерілген «Ан-74Т-200А» әскери-транспорттық ұшағының 4000 метр биіктікке көтерілген кездегі оқиға осылайша өрбіп жатты. Бұйдаланған аппақ бұлттарды төсіне алған ұшақ желмен жарыса ұшып келеді. Өлшеуге арналған құрылғыларының бірі май қызуының күрт өскенін көрсетті. Арнайы аспаптың көрсетіп тұрған «ақпараты» бойынша оң жақ қозғалтқыш істен шыққан.

Аспандап ұшқан әуе кемесінің жолаушыларға арналған салонында «А» арнайы бөлімшесінің сайыпқырандары жайғасқан. Арқаларынан ауыр жүк түскендей көңілдері көтеріңкі. Іссапарларын ойдағыдай аяқтаған әскерилер басшылықтан оң бағасын алған. Енді үйлеріне оралып келе жатқан беттері еді. Жолаушылардың кейбірі құлаққабын киіп, әсем әуен тыңдауға көшкен. Енді бірі көкпеңбек көктің қанық бояуына терезеден көз тіккен. Қалың ойдың құшағына еніп үлгерген. Арасында орындығына шалқалай жатып, ұйықтауға ыңғайланғандары да бар...

Жолаушыларға арналған дәліздің сілтідей тынған тыныштығының бұзылғанына да 3-4 минуттай уақыт өтті. Көліктің маңызды құрылғыларынан ақау шыққанын баяндаған борт технигі капитан Есенғали Батрашев болатын. Әуе кемесіндегі әр жанның өмірі үшін алаңдаған маман тыным таппай жүгіріп жүр.

Майор Әлімжан Матмұсаев күтпеген жағдайдың неден шыққанын іштей зерделеп отыр. Ол үшін әр қас-қағым сәттің бағасы алтыннан да қымбатқа айналған. Ұшақтың әуеге көтерілгеніне көп болмаған еді. «Демек алған бағытты кері бұруға әлі де кеш емес. Әуежайдан арамыз алшақтап үлгерген жоқ. Қайта оралсақ, техникалық ақаумен қонуға арналған жолақтың қашанда бос болатыны талас тудырмас. Іс насырға шаппай тұрған кезде шешім қабылдау керек. Алыстамай тұрған кезде ұшқан жерімізге қайта оралуға тиіспіз» – деп іштей шешім қабылдады әуе кемесінің капитаны.

Бірнеше метр биіктіктегі қашықтықтан төменге көз тікті. Көк аспаннан қараған сәтте жасыл тоғайлар мен ағып жатқан бұлақтар суреттей болып көрінді. Жаңа ғана аспан әлеміне шығарып салған Өскемен қаласы қайта оралыңдар деп тұрғандай. Көз ұшында қалып бара жатқан қалаға қайта оралуға асықты.

– Дүрлікпеңдер! – деді майор А.Матмұсаев өз-өзіне нық сенімді үнмен. Ережеге сай жұмыс істейміз. Әуежайдың ұшу алаңына оралып, апатты жолағына қонамыз.

Ұшақтың әр сапарындағы жауапкершілік командирге жүктелетіні талас тудырмайды. Дегенмен қауіпсіздік ережесінің сақталуы экипаж мүшелерінің үйлесімді іс-қимылдарына да байланысты екені анық. Бірден іске көшкен әуе кемесі командирінің көмекшісі капитан Асхат Оғызбаев карта мен пилотаждық-навигациялық аспаптарға бар зейінін салды. Командирге жүру бағыты мен жылдамдықты, биіктікті баяндап отыр. Борт технигі капитан Есенғали Батрашев қозғалтқыштың параметрлерін, күш қондырғысын және бірқатар жүйелерді бақылауды мұқият қадағалауды қолға алды. Жауапты тұлғалардың жылдар бойы жинаған өмірлік тәжірибелері қандай жағдайдан да шашаусыз шығудың кепіліндей.

Әріптестердің қимыл-қозғалыстары көңілге сенім ұялатады. «Тонның ішкі бауындай» деген ымырашылдық осындай ұжым үшін айтылғандай. Ұшақ ішіндегілердің жүректері енді орындарына түсе бастағанда...

Әскери ұшақтың жеке құрамы үшін күтпеген жағдай орын алды. Әуе кемесінің әп-сәтте еңіске қарай құлдилап бара жатқаны байқалды. Басты құрылғыларының тағы бірі істен шықса керек. Бір-ақ сәтте қызыл жалын темір қыранның ішін жайпап кетуі мүмкін. Күміс қанатты ұшақ әуеде жарылып кетер алдында тұр.

Салонға жайғасқан арнайы бөлімшенің мүшесі Болат та экпипаждың қауқарсыз жағдайға тап болғанын бірден түсінгендей. Алдыңғы қатарда отырған ол экипаж мүшелерінің біріне жақындап, мән-жайды білгісі келді. Дегенмен белгісіз бір күш екі иығынан басып, сабыр сақтауға шақырғандай. «Апыр-ай, мұндай жағдайда не істеуші еді? Түтінге булыққан әуе кемесінің жайы қиындап барады. Ұшқыштарды сұрақтың астына алғаным жараспас» – деді күбірлеп. Есіне сүйген жары, ұлы мен қызы оралды. Әсіресе, тілі былдырлап енді шығып келе жатқан қызын ойлады. «Әкешім» деген сөзді жақында ғана айтып үйреніп еді. Ұшар алдында ғана қызымен бейнебайланыс арқылы жүздескен. Енді, міне, өзін алда не күтіп тұр екен?.. Өз ойынан шошып кетті. Көңілін басқа нәрсеге аударуға тырысты. Іштегі бір түйсік тірі қалудың жолын табуға талпынғандай. Терезе әйнегінен сыртқы дүниеге көз салды. Салон ішіндегі жанталастан хабарсыз көк әлемінің ақша бұлттары теңіз айдынындағы аппақ кемелердей алаңсыз қалқып барады. Үйінде өзін тағатсыздана тосып отырған жан жары мен құлыншақтары көз алдына келді. Томпаңдаған қызы құшағын ашқан күйі жүгіріп келеді. Ерке қылықтарымен жанды елжіретеді. Әкесіне бірдеңе айтқысы келетін сияқты. Қорқыныш сезімімен арпалысып отырған ол тез арада есін жинап алды. Әлдебіреу нашатыр спиртін иіскеткендей. «Жоқ! Біздің жанбай жатып өшуіміз мүмкін емес! Отбасымызбен төрт көзіміз түгел қауышуға тиіспіз! Қазіргі біздің қолдан келері – тыныштық сақтау ғана. Ұшқыштарға сенемін!» деп іштей дұғасын айтты. Одан басқа дәл қазіргі уақытта қолдан келер амалының жоқтығын түсінді.

Әуе көлігі өлшеуіш құралдарының тілі қауіпті аймақты көрсетті. Ұшақ мамандарының пайымдағандары шындыққа айналды. Қозғалт­қыштың бірі істен шығыпты.

Майор А.Матмұсаев ұшақтың автопилот режімін өшіріп, тізгінді өз қолына алды. Сосын «жантая» ұшу әдісіне көшті. Осылай ету арқылы ол ұшу кезінде қозғалтқышқа күш түсірмеуге тырысты. Май қысымының ең төменгі деңгейге құлағанын байқады. Оң жақ қапталдағы қозғалтқышты өшіруге пәрмен берді. Сыртқы жақтан енген ыстық ауа салдарынан от шығу қаупі басым. Бұйрық берген бойда ұшақ командирі жұмыс жасап тұрған қозғалтқыштың қауіпсіздік тетігін алақанымен жапты. Екі көзі алдыңғы әйнекте. Шапшаң қозғалған техниктің қозғалтқыштарды шатастырып алуынан қорыққан еді. Әйтсе де майор А.Матмұсаев ішкі қобалжуын ешкімге сездірмеді. Жеке құрамы да ешқандай бос қарбаластыққа жол бермей, анық және сенімді әрекет етті. Оқыс оқиға орын алған жағдайда жүз пайыз дайын екендерін көрсетті.

Капитан А.Өгізбаев әуе диспетчерімен байланысқа шығып, ұшақтың мәжбүрлі түрде шұғыл қонатынын жеткізді. Ал техник-­нұсқаушы майор Е.Молдағұлов жолаушыларға техникалық ақау­лықтарға байланысты Өскемен қаласының аэродромына қайта оралатындарын жеткізді. Туындаған қолайсыздық үшін кешірім сұрап, уайымдайтындай ештеңе болмағанын түсіндірді. Ұшақтың қызметін қалыпқа келтіру үшін санаулы минуттың өзі жеткілікті болды.

Дегенмен... Қозғалтқыштың істен шығуына байланысты ұшу симметриясында бір жаққа тарту күші пайда болды. Ұшақ бір қырына қисая ұшты. Майор А.Матмұсаев штурвалды қос қолдай ұстап, басқаруға көшті. Ұшақты тігінен жүргізуге тырысты. Басқышы істен шыққан қозғалтқышқа қарама-қарсы жаққа бұрды. Бар күшті жұмыс жасап тұрған қозғалтқышқа салды. Темір қыранның тізгінін бағындыруға өзінің бірнеше жылдық тәжірибесін салып бақты. Ұшақ бағытын 180 градусқа бұрды. Ұшақ пен жердің ара қашықтығы 5 500 метр. Кеңістіктегі арпалыс жалғасып жатты.

Әуе кемесінде құлаққа ұрған тыныштық орнады. От пен жалынның талайын бастан кешкен арнайы бөлімше сарбаздарының жүздерінен үрейдің белгісі байқалмайды. Әзірге бәрі үнсіздік құшағында.

Ғасырға созылған соңғы бес минут жанға толы ұшақты алған бағытынан қайтарды. Экипаж құрамы осы аралықта бір-бірін қас-қабағынан танып, бір кісідей жұмыс жасады. Ұшқыштың шеберлігінің арқасында – әуе борты апаттық жағдайда қонуға арналған жолаққа дөңгелектерін тигізді. Бірнеше секундтан кейін бетонды жолдың ақ жолағымен сырғып келе жатты. Осы кезде барып алып лайнердегі барлық жолаушы бір кісідей ду қол шапалақтай жөнелген. Мұнда шексіз қуанышта, өздерін де, өзгелерді де ажал тырнағынан құтқарған мәртебелі мамандық иелеріне деген мың алғыс бар еді.

Төменге қарай құлдилаған ұшаққа тау жоталарынан соққан жел кедергі келтірген болатын. Өзге амалы таусылған ұшқыш ұшақты бар салмағымен қондыруына тура келді. Бірнеше тонна тартатын әуе көлігінің күйреп қалмауы үшін барын салды. Өз өмірінде талай сыннан сүрінбей өткен ұшқыш бұл жолы да өз биігінен көрінді. Ең бастысы, жиырма жолаушы дін-аман.. Жауынгерлік қызметіне адал экипаж үшін де ең керегі осы.

Өскемен қаласының топырағына табандары тиген әскери қызметшілер ұшақтың экипажына жүрекжарды тілектерін жеткізді. Әуе кемесінің экипажына бұдан асқан алғыс жоқ.

Көп өтпей, арнайы бөлімшенің мүшелері отбасыларымен аман-­есен қауышты. Экипаж құрамы жөндеуден өткен ұшақпен көк аспанға қайта көтерілді.

Ерлікке пара-пар сапарды басшылық құрам жоғары бағалады. «Ан-74Т-200А» ұшағы экипажының қызметі өзгелерге үлгі екені анық. Ал әуе кемесінің командирі майор А.Матмұсаев сын сағатта сыр бермегені, табандылығы мен қайсарлығы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ

biblioteka-pervogo-prezidenta-kz

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар
министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамырда тіркеліп, №17102-г куәлік берілген.

Редакцияның мекенжайы: Исатай ауданы,
Аққыстау ауылы, Егемен Қазақстан көшесі, 12-үй.

Байланыс телефондары: 8 (71 231) 2-01-68,
2-01-52, факс 2-01-68.

Электронды пошта: naryn_tany2009@mail.ru

Яндекс.Метрика