Аурудан ақша жасау адамдық па? Қымбат дәрі сатқандар қолға түсті

Көршісінің үйі өртеніп жатса: «Дайын отқа қойымның басын үйітіп алайын деп едім» деп бір әпенді әлек болыпты.

Қазіргі айналамызда болып жатқан жағдай дәл сол көріністі көз алдымызға әкеледі. Пендешілік емей немене, індеттен жапа шеккен халықтың түрі мынау, аурудың өзінен ақша жасап адамдықтың ауылынан алыстай түскен алыпсатарларыңыз анау? Оларға шара бар ма, өзі? Бар екен, алдының былығы ашылып жатыр.

Атырауда полиция қызметкерлері заңсыз дәрі-дәрмектер, медициналық бетперделер сату деректерін анықтапты.

Атырау қаласының 1994 жылы туған тұрғыны үйінен қымбат бағамен дәрі-дәрмектерді заңсыз сатып, ұсталған.

Тексеру барысында Ингавирин 5000, дексаметазон виал 4000, азитромицин 2000, дексаметазон 2000, лидокаин Буфус 1000, метронидозол 1000 теңгеден табылып, алыныпты.

Бұл дәрілердің барлығы да қымбат бағамен сатылған.

Бұл күні полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары кезінде тағы бір деректі анықтапты. Авангард ықшам ауданындағы үйлердің бірінің пәтер тұрғыны өз бағасынан бірнеше есе қымбат бағамен медициналық бетперделер сатып келген. Тексеру кезінде пәтер ішінен 43 мың медициналық бетперде табылып, алынды.

- Анықталған деректер бойынша тексерулер жүргізіледі, - деді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Еске сала кетейік, бұған дейін, 6 шілдеде, полиция қызметкерлері Атыраудағы косметикалық салондардың бірінде респираторлық вирустық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді заңсыз сатуды анықтап, ірі мөлшерде дәрілер тапқан болатын.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521