Ауыл шаруашылығы тұтынушыларына су тарифінен 177 млн теңге өтемақы қайтарылады

 

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, нәтижесінде тұтынушыларға жалпы 177 млн теңге өтемақы қайтарылады. 

Биыл 15 наурызда Мемлекет басшысының тапсырмасымен суару суына тариф белгілеу және реттеу міндеті Су ресурстары және ирригация министрлігіне берілген болатын. 1 мамырдан бастап министрлік каналдар арқылы су жеткізу, егістік алқаптарын суару үшін су беру және гидротехникалық құрылыстар арқылы жерүсті су ағысын реттеу қызметтерін мемлекеттік реттеуді жүзеге асыра бастады.

Министрлік 2024 жылға арналған тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы бойынша табиғи монополия субъектілерінің 63 есебін қарап шықты. Тексеру нәтижесінде бекітілген жоспарлардың толық орындалмағаны анықталды. Осыған байланысты 18 ұйымға уақытша өтемдік тариф енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл тарифтер арқылы тұтынушыларға 177 млн теңге қайтарылады. Осы ұйымдардың 16-сы каналдар арқылы су беру қызметін, ал екеуі гидротехникалық құрылыстар арқылы жерүсті ағынын реттеу қызметін көрсетеді.

    — Қазір бұл ұйымдардың көпшілігінде уақытша өтемақы тарифтері күшіне енді. Бұл шараның қолданылу мерзімі — бір жыл. Заң бойынша табиғи монополия субъектілері әр жылдың 1 мамырына дейін алдыңғы жылы бекітілген тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламаның қалай орындалғаны туралы есепті министрлікке тапсыруы тиіс, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Бұған дейін халықаралық сарапшылар елдегі су шаруашылығына баға бергені хабарланды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT