Ауыл тазалығы алаңдатады

Ақпанның 15-і күні ауылдық мәдениет үйіне жиылған ауылдастары алдында есеп берген Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Айбатыр Бекішұлы «Тұщықұдық ауылдық округінің 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2022 жылға алда тұрған міндеттері туралы» баяндады.

Тұщықұдықтықтар үшін жылдың басты жиыны саналатын бұл басқосуға аудан әкімі Полымбет Хасанов, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары, аудандық мекемелер мен бөлімдер басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де қатысты.

Округ әкімінің есепті баяндамасынан соң сөз алған аудан басшысы есепті мерзімде аудан бойынша атқарылған ауқымды жобаларға тоқталды, алдағы жоспар-жобалардан құлағдар қылды.

fd

Осыдан кейін басталған жарыссөз бен күн тәртібіне қойылып отырған мәселелерге орай туындаған сауалдары мен ұсыныстарын білдіруде жиналғандар белсенділік танытты. Үш сағаттан астам уақытқа созылған жиын барысындағы сұрақтар мен ұсыныстар негізінен алғанда көшелердің жарықтандырылуы, ауылдағы денсаулық сақтау қызметінің талапқа сай еместігі, жаңадан білім беру нысандарын салу, жол құрылыстарының жалғастырылуы, балалардың ойын алаңдарының салынуы, ауыл тазалығы, жазғы су желісі төңірегінде өрбіп, аудан, ауыл басшылары, мәселеге қатысты мекемелер мен бөлімдер басшылары жауаптар қайтарып, қайсыбір тұстарда түсініктер берді. Тұрғындарды әсіресе тазалық жайы толғандырды десек болады. Олар қажеттілігі бар жерлерге қоқыс контейнерлерін қоюды сұрап, көлікпен алып шыққан қоқыстарын ауылдан атшаптырым жерде тұрған қоқыс алаңына жеткізбей төгу, кез келген жерге қоқыс тастап кетушіліктің тыйылмауы туралы ашына әңгімеледі, ауылдастарын ауыл тазалығын сақтауға шақырды. Бұл мәселеге орай аудан басшысы да ауыл тірлігі алдымен тазалықтан басталуы керектігі туралы ойымен бөлісті, тазалықты сақтамаушыларға тиісті шаралар алынуы керектігін ауыл әкіміне қадай айтты.

Ауыл әкімінің жыл ішіндегі жұмысы қанағаттанарлық деп бағаланған жиында айтылған ұсыныстар арнайы іс-шаралар жоспарына енгізіліп, ол бойынша керекті жұмыстар жасалатын болды.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT