Ауырған адамға сылтау дәрі бола ма?

Аудандық аурухана сыннан қорытынды шығаратын емес

Ағымдағы жылдың 6 айы бойынша денсаулық саласында атқарылған жұмыстарды қорытындылау, саралау, алдағы күндерге міндеттерді айқындауға арналып аудандық әкімдікте өткен аптада кеңейтілген шара өткізілген болатын. Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары М.Өтешев, облыстық кардиологиялық орталығы директорының орынбасары С.Жұмағалиева, облыстық тері венерологиялық диспансерінің директоры М.Бердешова және аудандық ауруханаға қарасты ауылдық дәрігерлік амбулаториялар мен дәрігерлік пункттердің меңгерушілері қатысты.

Жалпы, газетіміздің өткен сандарында жарияланып жүргендей, аудандық денсаулық сақтау саласына халық тарапынан шағымдар мен реніш пікірлер өте көп. Бірі аудандық ауруханадағы кезектің көптігін, дәліздер мен күту залындағы қапырықты сөз етсе, енді бірқатары дәрігерлердің білімсіздігін және өз ісіне сәйкес еместігін алға тартады. Ал, ауылдық округтердегі тұрғындар "Жедел-жәрдем" қызметіне шағымданса, Забурын, Исатай ауылдық округтерінің халқы өңірдегі зертхана қызметінің мүлде жоқтығына қынжылады. Сонымен бірге, аудандық ауруханадағы дәрігерлердің жетіспейтіндігі, келген мамандардың тұрақтамайтындығы да ел ішінде өкпе-реніш тудырып жүргені жасырын емес. Бұл, енді, бөлек әңгіме.

Жиында алғашқы болып баяндама жасаған аудандық аурухананың бас дәрігері Б.Төлеген 6 ай ішінде атқарылған жұмыстарға есеп берді. Былтырғы осы кезеңмен салыстыра отырып келтірілген кейбір деректер бойынша ілгерілеушіліктер бар. Жасалған көптеген оңтайлы жұмыстар да бар екен. Айталық, ауданның шалғай өңірлерінде, яғни, құм ішінде тұрып жатқан тұрғындарды жоспарлы медициналық тексерістерден өткізу үшін кей жағдайларда арнайы көлік жіберіп те алдырады екен. Ал, балаларына екпе салдырмай жүрген отбасылармен жұмыс керісінше мардымсыз. Құрамына ішкі саясат, ішкі істер, санитарлық қадағалау және тағы да басқа тиісті органдардан өкілдер ендірілген арнайы топ құрылса да, ел ішінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу көрсеткіші өте төмен. Бұл жөнінде айтқан әкімінің орынбасары Н.Абежан бас дәрігер Б.Төлегенге аталған жұмыстардың негізгі үйлестіруші органы өзі болғандықтан, екпе жұмысын тиісті дәрежеде атқармағаны үшін ескерту жасады.

Ал, Исатай ауылдық округінің әкімі Ұ.Хисым Исатай ауылдық амбулаториялық пункт жанынан ашылған күндізгі стационардың тез арада қайта жабылып қалғанына, зертхана жұмысының да лаборант маманның жоқтығына байланысты тоқтап тұрғанына қынжылыс білдіріп, себебін сұрады. Күндізгі стационардың жабылып қалуы жалпы тәжірибелік дәрігердің декреттік демалысқа шығып кетуімен байланысты деген Б.Төлеген қазіргі уақытта бір жас маман келеді деп күтіліп отырғанын айтты. Ал, зертхана мәселесі әзірге шешімін таппайтын секілді. Ауылдағы зертхана маманы өздігінен қызметінен кетсе, аудандық ауруханада онсыз да жетіспейтін мамандар ішінен бөліп алып, шалғай ауылға жолдаудың реті шықпай тұр.

Осы мәселеге байланысты өз ойын білдірген аудандық мәслихат хатшысы Н.Мұханбеталиев аурухана бас дәрігеріне сәуір айында өткізілген қоғамдық кеңес отырысының хаттамасын көрсетіп, сол отырыста көтерілген мәселелерді есіне салды. Яғни, қоғамдық кеңес отырысында Б.Төлеген Исатай, Забурын ауылдарына ортақ бір зертхана маманы табылғанша, орталықтан апта сайын жіберіп тұруға уәде еткен екен. Алайда, арада бірнеше ай өтсе де мәселе шешімін таппаған. Оның үстіне жуырда облыстық мәслихат депутаты оның Зинеден ауылына сапары кезінде депутатпен кездесуге келген ауыл халқы осы мәселені көтеріп, мәселенің біржақты болуын сұраған еді. Оған Бақыт Ахметова есімді азаматшаның сауалы дәлел.

Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғ.Боранбаев та өз кезегінде аудандық ауруханаға дәрігерлердің тұрақтамау себебін сұрады. - Бұл мәселе талай мінберлерде айтылып, газет бетінде жазылып жүрсе де, өкінішке орай, бүгінде өз шешімін табар емес. Мәселен, қазіргі уақытта гинеколог, хирург, анестезиолог, реаниматолог, рентгенолог, жалпы тәжірибе дәрігері секілді мамандар жетіспейді. Аққыстау ауылынан салынған жаңа үйлерден дәрігерлерге арналып берілген 4 үй, өкінішке орай, қазіргі уақытта қаңырап бос тұр. Оған қоса тағы бір үйді теңгерімге алдыңыздар. Соған қарамастан мамандарыңыз жетіспеуде. Келген маман көп ұзамай кетіп тынады. Мен бұны ауыл әкімі ретінде емес, қарапайым ауыл тұрғыны ретінде көтеріп отырмын. Маған туған ауылымның келешегі мен тұрғындардың денсаулығы қымбат. Бауыржан Дүйсебайұлы, ауданға келгеніңізге 1,5 жыл болды, осы мәселені шындап қолға алатын уақыт жеткен сияқты, - деді.

Жиын соңында сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары М.Өтешев жиын барысында сөз болған, талқыланған біраз мәселелерге шолу жасады. Атап айтқанда, ауылдық округтердегі жеделжәрдем қызметінің дұрыс ұйымдастырылмауы, екпе жұмысының өте төмен жүргізілуі, мамандардың жетіспеуі, халық арасында аудандық денсаулық саласына деген наразылығы, оларға деген сенімнің төмендігі жөнінде бас дәрігер Б.Төлегенге кейбір жайттар бойынша кеңестер берсе, ал сын көтермейтін кей жағдайлар бойынша ескертулер берді.

Иә, "айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды" демекші, әзірге денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктер баяғы жартас күйінде қалып отыр. Бірде мамандар жетіспесе, бірде ұйымдастырушылық жұмыстары ақсап жататынын ауруханаға сырқатына ем іздеп барып жатқан тұрғындар көріп-байқап жүр. Жасыратыны жоқ, баяғы тума таланттар қызмет атқарған салада кәсіби дәрігерлерді бүгінде саусақпен санап алатын деңгейге жеттік. Оған бүгінгі оқыту жүйесіндегі жүйесіздіктер кінәлі ме, әлде, басқалай да себептер бар ма, ол жағы белгісіз. Қалай болғанда да, жанына жылу, ауруына шипа іздеген қалың көпшілікті ешбір себеп пен салдар жұбата алмасы анық.

Аслан Мұратұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521