Әзілімен әрленген әжеміз еді

Адай еліне келін болып босаға аттағалы, екі жылдан астам уақыт болды.

Әрине, ауыз толтырып айтатындай біраз жыл емес. Әйтсе де, менің айтпағым ене мен келіннің қарым-қатынасы. Әңгіменің түп-төркіні үлкен енем (әжем) жайлы өрбімек.

Әжем - өте еңбекқор, байсалды, кеңпейілді, ашуға ерік бермейтін, әзілмен әрленіп, қалжыңмен қаруланып жүретін өте көңілді кісі болды. Үйге келген мейманмен жылы дидарласып, маза болмай ауырып тұрса да, кісі көңілін жықпайтын құшағы да, пейілі де кең жан еді. Жаймен бәрін тілмен орап, қыран-топан күлкіге қарқ қылатын. Елдің бәрі осы қасиетімен таниды.

Әрине, еңбекте де, өмірлік жолында да әжеміздің өзіндік елеулі сара жолы бар. Оны меннен гөрі етене жақын халық біледі ғой...

Өзіммен қатарлас осы әулетке қарайлас тағы да екі келін түскен болатын, соның ішінде сөзге жүйріктеу деді ме, әйтеуір, елден ерек мені жанына жақын тартты.

Есімімнің тіл ұшына оралуы қиын болса керек, сол себепті лақап атым - Сымбат болып кетті. Қайын жұрттың ішінде тек әжем ғана осылай атайтын. Үнемі дерлік қамқорлық танытып, бар тәттіні алдыма тосып, өзгелердің қабақ шытуына жол бермеді.

Әттең, тағдырдың жазғанына шара бар ма? Көп ұзамай әжеміз мәңгілік сапарға аттанды. Аз уақыт ішінде мені ыстық ықыласқа, алғысқа бөледі. Батасын берді.

Ендігі жарқын бейнесі жадымызда, жүрегімізде қалды.

Сағыныш Қайыр,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 4-курс студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521