Бала алдымен өз тілін үйренуі тиіс

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды.

Оқушылар да, мұғалімдер де білім ордасымен қауышуға қызу дайындыққа кіріскен осы кезеңде ұстаздар үшін дәстүрге айналған Тамыз кеңесі біз үшін ең маңызды жиын болып табылады.

16 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласында республикалық «Білім және Ғылым» атты тамыз кеңесі өткен болатын. Осы жиынға Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, ұстаз мәртебесі, олардың әлеуметтік жағдайы, оқулық сапасы жайында сөз қозғады. Президентіміздің тапсырмаларының ішінде мұғалімдерді негізсіз әкімшілік шараларға жүргізу мен білім саласына қатысты емес мерекелік шараларға жөнсіз шақыртудың терістігін, сондай-ақ, тынымсыз тексерістер мен есептердің көптігі мұғалім жұмысының сапасыз болуына әкеліп соғатындығын ескертті.

«Ағылшын тілін оқытуды 2-3 сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын» деген пікірі де көптің ойындағы түйткілді дөп басқандай. Өз ана тілін толық меңгерген бала білімді ғана емес, отаншыл, ұлтжанды азамат болып шығады. Қазақ тілінде жазу мен оқуды енді бастап келе жатқан оқушыға үш тілді бірден жүктей салу оңайға соқпасы анық. Сондықтан, Мемлекет басшысы орынды мәселені дер кезінде қолға алып отыр.

Бұл жиында ұстаздар қауымын ерекше қуантқан жайт Президентіміздің мұғалімдердің жалақысын 4 жылда 2 есеге көбейту туралы берген тапсырмасы, дәптер тексеру, сынып жетекшілігі және магистр дәрежесіне де қосымша ақы төленетіндігі еді.

Ұстазы мықты елдің ұрпағы осал болмайды. Сондықтан мұғалім мәртебесі биіктеп, шәкірт санасы тереңдей берсін.

Назерке КӨБЕЕВА,

Абай атындағы орта мектеп мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT