Наурыз – тек жаңа жылдың бастауы ғана емес, мейірімділік пен ізгіліктің мерекесі. Осы орайда Наурыз мейрамының онкүндігі аясында ұйымдастырылған әрбір шараның өзіндік мәні мен маңызы бар. Соның бірі – 15 наурыз «Қайырымдылық» күніне арналған игі істер. Бұл күні аудандық «Жалын» мәдениет үйінің өнерпаздары №4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне барып, тәрбиеленуші балаларға арнайы концерттік бағдарлама ұсынды.
Балалардың жүзіндегі қуаныш пен шаттық – бұл күннің басты жетістігі. Өнерпаздар әсем әндері мен көңілді билері арқылы бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жүректеріне жылулық ұялатты. Ал балалар өз кезегінде шынайы ықыластарын білдіріп, бірге ән айтып, би билеп, тамаша кештің куәсі болды. Бұл кездесудің әрбір сәті мейірім мен қамқорлыққа толы болды.
Шара соңында мәдениет үйі атынан Сайрангүл Булекова басқаратын ұжымға естелік сыйлықтар табыс етілді. Бұл – тек сыйлық қана емес, шынайы жанашырлық пен құрметтің белгісі еді.
Наурыз – береке мен бірліктің, татулық пен қамқорлықтың мерекесі. «Адамның асылы – жақсылық жасағаны» демекші, мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Өйткені шын жүректен жасалған жақсылық – ең үлкен қуаныш.
Сағыныш ҚАЙЫР