Баланы жұқа мұзға жолатпаңыз

Жақында Жайық өзенінен табылған балалар оқиғасы кім-кімді де бейжай қалдырмағаны анық.

Рас, «Қате – аяқ астында». Дегенмен, «Сақтансаң, сақтайды» деген де бар. Біздің әрбір жіберген қателігіміз басқалар үшін сабақ болуы тиіс.

Адам өмірі, оның қауіпсіздігі бәрінен де бірінші кезекте тұруы керек. Соның ішінде болашағыңыз – балалардың өміріне немқұрайлы қарамаңыз.

1. Балалар табиғаттан бейқам және сенгіш екенін есте сақтаңыз. Балаларда алаңғасарлық болатынын ұмытпаңыз. Сондықтан өзін ұстаудың оңай ережелерін балалардың есіне жиі салуыңыз, олардың осы қағидаларды есте сақтап және оны қолдануына мүмкіндік береді.

2. Мұздың беті күннің жылылығына байланысты жұқа болып келеді. Бұл уақытта мұзда жүру өте қауіпті, кез келген мезетте мұз жарылып, су ішінде қалуыңыз әбден мүмкін. Балалар қауіпсіздік ережесіне мән бере қоймай жағалаудан сырғанап немесе мұз үстінде сырғанақ теуіп ойнайды. Бұл жағдайлар кейін өкінішке ұшыратады.

ledd2

Есіңізде жүрсін және туыстарыңызға, достарыңызға айтып бөлісіңіз!

1. Мұздың қаттылығын көзбен-ақ көріп байқауға болады: егер мұздың түсі көгілдір болса – берік, ақ болса – беріктігі 2 есе аз дегенді білдіреді. Ал егер мұздың түсі ақшыл сұр, күңгірттеу болса, бұл мұздың үстімен жүру тұрмақ, маңайына жоламағаныңыз абзалырақ.

2. Мұз үстіне қас қарайған шақта және ауа-райы қолайсыз кезде (тұман, қар, жаңбыр) мүлдем шықпаңыз.

3. Өзеннің арғы бетіне шықпақ ойыңыз болса, өткелмен өтіңіз. Бұл әлдеқайда қауіпсіз.

4. Мұзды аяқпен теуіп, тексеруге болмайтынын ұмытпаңыз. Егер, бірінші тепкіден аз мөлшердегі су көрінсе немесе мұз бетінде аз-кем жарықшалар пайда болса, мұз жұқа және оның үстімен жүруге болмайды дегенді білдіреді. Бұл жағдайда міндетті түрде судың жағасына келген ізіңізбен кері қайтыңыз. Аяғыңызды иық тұсымен мұздан алмай, жеңіл адымдап жүріңіз, себебі, күш бір нүктеге түспеуі керек.

5. Мұздан өтерде, осыған дейінгі салынған әдеттегі ізбен жүріңіз, егер бұндай із болмаса, айналаңызға мұқият қарап, жететін орныңызды жете біліп алыңыз.

ledd3

6. Топ болып, мұздан өтетін болсаңыздар, мұзға аса қатты салмақ түсірмеу үшін 5-6 метрдей болатын бір-біріңіздің арақашықтықтарыңызды сақтап жүріңіздер.

7. Егер, сөмке асынсаңыз, тек бір жақ иығыңызға ғана асып жүріңіз. Бұл қауіп кезінде тастай салуға ыңғайлы болмақ.

8. Бұл кезде өзіңізбен бірге 20-25 метрлік қатты арқан ала шығыңыз. Арқанның бір ұшына ауыр салмақтағы бір затты түйіншектеп байлап қойыңыз. Жаныңыздағы серігіңіз мұзға түсіп кеткен жағдайда, арқанның ауыр зат байлаған жағын серігіңізге қарай лақтырыңыз. Жапа шегуші арқаннан ұстап, ауыр затты қолтығына қысып тұрсын, сіз өзіңізге қарай ақырын тартыңыз.

9. Қыстыгүні 10 см қалыңдықтағы тұщы және 15 см қалыңдықтағы тұзды мұздың үстімен жүруге болады. Егер бұл көрсеткіштен жұқа болса, әсте жоламыңыз.

10. Ата-аналарға үлкен ескерту: балаларыңызды мұзға (балық аулауға, шана не шаңғы тебуге) қараусыз жібермеңіз.

Есіңізде болсын! Бала ата-аналары – сізден үлгі алады.

М.Мағазова,

Исатай АПБ ЖПҚб ЮПТ-ның учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521