Қазпошта – әлеуметтік құрылым. Күн сайын халықпен жұмыс істеп, қажетті қызмет көрсететіндіктен әрбір тұтынушыға сапалы қызметпен қатар, жайлы орта қалыптастыруымыз керек. Жылы қабақ танытып, тіл табыса білудің де маңызы ерекше. Осы бағытта Аққыстау байланыс бөлімшесі мерзімді басылымдарға жазылушыларды ұйымдастыру мақсатында Ашық есік күнін өткізді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде мерзімді басылым — қашанда өзінің қалың оқырманымен құнды. Оқырман сол басылымнан жақсы жаңалықтар күтеді.Мақсат — тұрғындардың басылымға жазылу белсенділігін арттыру, еліміздегі шығатын газет-журналдарды насихаттау.
Ашық есік күні аясында болған шарада Аққыстау байланыс бөлімше басшысы Гүлмайда Шағирова баспасөз «халықтың құлағы, көзі һәм тілі» екенін еске алды.
-«Біздің басты мақсатымыз – баспасөзді оқырмандарымен тез арада қауыштыру. Бүгін шыққан газетті оқырманына сол күні қауыштыру оңай емес. Бірақ ауыл тұрғындарына баспасөз өнімін дер кезінде қолына алуы үшін біздің тарапымыздан қажетті жұмыстар атқарылуда», дейді ол.
Баспасөзге жазылу – ерікті. Бүгін оқырманды газетпен емес, газетті оқырманмен қамтамасыз ету қажеттілігі туған кезеңде сенімді, әрі шынайы ақпарат алғысы келген, елінің ғана емес, өзінің де тағдырына бей-жай қарай алмаған кез келген азаматтың газетке жазылудан қалыс қалмасы анық.
Сағыныш ҚАЙЫР