«Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деген екен бір қария.
Қазір жөні түзу бата да бере алмайтын үлкендерімізді көргенде қадірі бөлек қарттықтың да қадірін кетірмедік пе деп қаларыңыз рас.
Бірінде облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы осы жайттарды ой елегінен өткізе тұрып, «сондай үлкендерімізге үлгі болсын деген мақсатта ҚМДБ-ның 30 жылдығына орай батагөйлер жарысын ұйымдастыруды қолға алып отырмыз. Мақсат – ақсақалдарымыздың абыройын асырып, қарттықтың қадірін ұқтыру болмақшы» деген тұрғыда сөз қозғай кеткені бар-ды. Жуырда Жылыой ауданынының орталығы Құлсары қаласындағы "Жылыой мұсылмандары" мешітінде облыстық деңгейде өткен батагөй қариялар жарысы осылай қолға алынған-ды. Бас жүлдесіне Умра қажылығына жолдама берілетін болған осынау рухани бәсекеде тәуекел етіп төрге озу да оңай емес еді. Алайда, талап қылғандар аз болмағаны қуантты. Солардың арасында қамысқалалық ардагер Жақсымбетов Бекежан Өтепқалиұлы да бар еді.
Бұған дейін де осындай күрделі сөз сайыстарында тізгін ұстаған Уахит Әділовтей ақсақалдары бар ауданымыздың намысын абыроймен қорғаған Бекең беделді бәсекеде 2 орынды олжалап, 100 мың теңгелік қаржылай сертификатқа ие болды. Бәрекелді, Беке, абыройыңыз асып, батагөйлеріміз көбейе бергей дейік.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР