Батыр жолын жалғаған Бауыржандар – Ұлттық ұлан сапында

 

 

Бүгін — қазақ халқының даңқты перзенті, Кеңес Одағының Батыры, әскери қолбасшы әрі жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл. Батырдың қайсар мінезі, темірдей тәртібі мен Отанға деген шексіз адалдығы – бүгінгі ұрпақ, әсіресе әскери қызметшілер үшін өшпес өнеге.

Ел тарихында өшпес із қалдырған қаһарманның есімі бүгінгі күні де әскери ортада ерекше құрметке ие. Қазір ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығы құрамында Бауыржан есімін иеленген 15-ке жуық әскери қызметші абыройлы қызмет атқарып жүр.

 

 

Солардың бірі – әскери қызметке жуырда ғана шақырылған жас сарбаз Бауыржан Төлемағамет. Ол батыр Бауыржан Момышұлының өмір жолы мен ерлікке толы тағдырын өзіне үлгі етіп, ел тыныштығын күзету жолында адал қызмет етуге ниетті.

    – Бауыржан Момышұлы – мен үшін ерліктің, тәртіп пен отансүйгіштіктің нағыз символы. Өзімнің де атым Бауыржан болғандықтан, батыр бабамыздың жолын жалғап жүргендей сезінемін. Ұлттық ұлан сапында қызмет ету – үлкен абырой. Әскери антқа адал болып, ел тыныштығын күзету – менің басты мақсатым, — дейді жас сарбаз.

 

 

Екі Бауыржанды тоғыстыратын басты қасиет – Отанға деген шексіз адалдық, әскери тәртіпке беріктік пен рухани мықтылық. Бірі – тарихта өшпес із қалдырған қаһарман тұлға болса, бейбіт күннің Бауыржандары – сол ерлік дәстүрді бүгінгі күнде лайықты жалғастырып жүрген әскерилер. Уақыт алмасқанымен, әскери ант пен елге деген сүйіспеншілік ешқашан өзгермек емес.

 

ҚР Ұлттық ұланы
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT