Ел ертеңін ойлаған көшбасшыда аял қылу, барар жерге уақытынан кешігу, басталған істі тоқтата тұру секілді ұнамсыз тірліктер болмауы тиіс.
Күні кеше ғана халыққа арнаған маңызды құжат – Жолдаудың ізі суып, сиясы кеппей жатып таңы бір ел дамуына қозғау салатын, келер күнге үкілеген үміттерді оятатын Президенттік бес әлеуметтік бастамасы баспасөз беттерінде жақында жарияланған болатын. Соған орай ұйымдастырылған аудандық актив отырысы біраз атқарылатын жұмыстар мен келелі жоспарларды талқылады.
– Елбасы ұсынған бес бастаманың біріншісі – әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру болса, ауданымызда жыл сайын пайдаланылуға берілетін тұрғын үйлер саны көбейіп келеді. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 32 мың шаршы метрді құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 16 пайыз- ға өсім болған. Алайда бұлардың барлығы жеке секторлар. Аққыстау ауылында салынған 60 пәтерлік тұрғын үй былтыр берілсе, биыл қаражат мәселесі шешілер болса, бұл жұмыстар жалғасуы тиіс, - деді аудан әкімі.
Сонымен бірге мемлекетке қолын жайып, өздігінен тырбанып еңбек етпейтін жастар қауымын да сынға алды.
– Қазір «Жас отау» деп аталатын бағдарлама бар. 29 жасқа дейінгі адамдарға бұл тамаша мүмкіндік. «Нұрлы жер» атты жоба да бар. «Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ арқылы да өз баспана мәселесін үйлестірген азаматтар ел ішінде көп. Демек, осынша мол мүмкіндік бола тұра, ақпараттанбаған жастар қауымы арамызда көп. Бұл мәселе бойынша жұмыстануды аудандық ішкі саясат бөлімі мен жастар ресурстық орталығына жүктеймін. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында және биыл жөндеу жұмысы басталатын «Атырау-Астрахан» тасжолы құрылысы шеңберінде кәсіпкерлер қауымының қатысуымен ынтамақтаса жұмыс жасау үшін барлық қолдан келер мүмкіндіктерді қарастыруды өз орынбасарым Еркебұлан Әбілқасимовқа тапсырамын, - деп атап өтті.
Екінші бағыт бойынша табысы 25 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 60 мың теңге) төмен азаматтар үшін жеке табыс салығын оннан бір пайызға төмендету бастамасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл мәселе бойынша ойын ортаға салған аудандық мәслихат хатшысы Н.Мұханбеталиев орташа табыспен өмір сүретін ауылдық жерлердегі жерлестеріміздің бұл жобаға ықыласты түрде қолдау білдіріп жүргенін айтты. – Сайып келгенде, біздің тірегіміз, сынаушымыз, атқарылған жұмыстарға баға берер қолдаушымыз халық болғандықтан, Елбасы тарапынан көрсетіліп жатқан осынша көмек халық үшін өте тиімді болғалы тұр, - деді хатшы.
Үндеуде қозғалған келесі маңызды мәселе – жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыра отырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту.
Бүгінде Аққыстау ауылында 320 орындық кәсіптік лицей, 100 орынға арналған мектеп-гимназия құрылыстары жүріп жатыр. Бұл білім ордаларының жеке 100 орындық жатақханалары болмақ.
Елбасы ұсыныс қылған шағын несие көлемін көбейту мәселесі бойынша жұмыстануды әкім өзінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасары Н.Әбежанға жүктеді.
– Бұл мәселе бойынша жалпылай алғанда жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салалары бірлесе отырып жұмыстар жүргізуі тиіс. Сонда ол жұмыстар нәтиже береді,-деді өңір басшысы.
– Елбасы көтерген бұл бастама республика бойынша жанданып жатқанда, біздің аудан кенже қалмауы керек. Қосымша шағын бизнес нысандарын ашып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын қайта жаңғыртуымыз қажет. Қазіргі кезде ауданда 4 ауыл шаруашылығы кооперативі болғанымен, біреуі де өкінішке орай өз деңгейінде жұмысын көрсете алмай келеді. Сондықтан алда жасалар жұмыстар көп, деді бұл бағыт бойынша сөзін түйген әкім.
Соңғы бағыт-елді мекендерді газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру болатын. Дегенмен, бұл сала бойынша Исатай ауданының ұпайы түгел деуге болатындай. Өйткені бұрыннан да газбен қамту мәселесі бұл өңірде жақсы жолға қойылған. Соның нәтижесінде бүгінгі күні бұл көрсеткіш – 95 пайыз. Айбас елді мекені болашағы жоқ ауылдар санатына теңестірілгендіктен, ол ауылға әзірге жоспар жоқ. Ал, Жасқайрат, Амангелді, Қызыл үй ауылдарына газ тарту бойынша қаражат облыс әкімдігінде талқылануда. Нақты айта кетерлігі биыл Амангелдіге газ жеткізіледі. Ал Жасқайрат пен Қызыл үйге жобалық-сметалық құжаттама жасақталып жатыр. Сол кезде ауданымыз толықтай көгілдір отынмен қамтылмақ.
Өз тілшіміз