Сан алуан айламен жұрттың сеніміне кіріп, жеке деректер мен қаржыны қолды қылатындар көбейіп келеді. Қазіргі таңда алаяқтардың негізгі мақсаты – адамдар мен ұйымдардың қаржылық және ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, заңсыз жолмен пайда табу.
Жалпы, алаяқтық әрекет Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес қылмыс болып саналады. Бұл – бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімге кіріп, теріс пайдалану арқылы мүліктік құқыққа қол сұғу деген сөз. Интернет кеңістігінде алаяқтық әрекеттердің түрі күн санап артуда. Соның ішінде кең таралған тәсілдердің бірі – онлайн несие рәсімдеу. Алаяқтар жалған несие ұсыныстарын таратумен айналысады.
Сенгіш тұрғындар жеке куәлік пен банк картасының суреттерін жіберіп, тіпті ақшаларын аударып жібереді. Тағы бір жиі кездесетін жағдай – әлеуметтік желі арқылы жасалатын алаяқтық. Алаяқтар желі қолданушысының парақшасын бұғаттап, оның атынан туыстары мен таныстарына көмек сұрап хабарлама жібереді. Олар қолдан жасалған банк карталары арқылы аударылған ақшаны иемденіп кетеді. Сонымен қатар жұмысқа орналастыру сылтауымен де жұртты алдап соғатындар кездесуде.
Мұндай жағдайда алаяқ адамдар өздерінде жұмысқа орналастыру мүмкіндігі болмаса да, сенімге кіріп, ірі көлемде ақша алып, ізін суытады. Мысал ретінде «Р.З.» есімді азаматтың ісін айтуға болады. Ол 2023 жылдың 4 желтоқсанында танысы «Н.И.» есімді азаматқа ұлын Теңіз жұмысшылар қалашығындағы бір серіктестікке күзетші етіп жұмысқа тұрғызатынын айтып, 150 000 теңге алған. Бұған қоса, күзетші куәлігін жедел түрде жасап берем деп тағы 15 000 теңге аудартқызып, барлығын алаяқтық жолмен заңсыз иемденген.
Кейін бұл азамат «К.С.» есімді тұрғынды да алдап, оны 600 000 теңге жалақысы бар жұмысқа орналастырамын деген желеумен 160 000 теңге ақшасын алған. Аталған іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, сотқа жолданды. 2024 жылдың 26 наурызында шыққан сот үкімімен Р.З. Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігі, 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Бұл деректер әрбір азаматқа ой салуы тиіс. Қаржылық және жеке деректеріңізді бөгде адамға берерде мұқият болыңыз. Күдікті ұсыныстар мен уәдеге сеніп, өзіңізді алдауға жол бермеңіз.
Қорыта айтқанда, сақтық – қауіпсіздіктің кепілі. Ақпараттандырылған, сергек қоғам ғана алаяқтыққа қарсы тұра алады. Интернет кеңістігінде де, күнделікті өмірде де әрдайым сақ болайық!
Исатай ауданының прокуратурасы
сурет ғаламтордан