2025 жылғы 19 қыркүйекте Нью-Йоркте жаңа iPhone моделінің сатылымы басталған күні Қазақстан Республикасының Бас консулдығы «Алма» атты креативті имидждік акция өткізді.
Акцияның символикасы алма бейнесі төңірегінде құрылды. Бұл бейне бірден үш мағынамен байланыстырылды: Apple корпорациясының атауы, Алматы қаласының символы және Нью-Йорк қаласының лақап аты — «Big Apple» («Үлкен алма»).
Акция барысында консулдық өкілдері мен қазақ диаспорасының студент-еріктілері қала тұрғындары мен қонақтарына QR-код жапсырылған алмалар таратты. Смартфон арқылы кодты сканерлегендер Қазақстан, Алматы, елдің туристік әлеуеті мен алманың тарихи отаны туралы ақпарат алды.
Негізгі назар Қазақстанның «алманың отаны» ретіндегі мәртебесіне аударылды. Ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, Алматы маңындағы Тянь-Шань бөктерінде әлі күнге дейін өсіп тұрған жабайы алма ағашы Malus sieversii қазіргі заманғы алмалардың түп-тамыры болып саналады. Бұл ғылыми фактіні National Geographic сияқты беделді басылымдар да бірнеше мәрте растаған.
Шара америкалықтардың қызығушылығын тудырып, көпшілік Қазақстанның тарихы, мәдениеті және заманауи жетістіктері жайлы сұрақтар қойды.
«Алма» акциясы креативті қоғамдық дипломатияның жарқын үлгісіне айналып, Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтуға және мәдени байланыстарды дамытуға бағытталған қадам болды.