Полицияда ер азаматтармен қатар қызмет атқарып жүрген арулар аз емес.
Олар қызметтің темірдей тәртібіне бағына отырып, өз міндеттерін адалдықпен атқаруда. Сондай жандар қатарында атыраулық Ізмұхановтар әулетінен апалы - сіңілі Мейрамгүл мен Марта. Қоғам тыныштығын сақтауда олардың да өз үлестері айтарлықтай. Мейрамгүл Амантаева ішкі істер органдарында 2005 жылдан қызмет атқарып келеді.
Бүгінде қалалық полиция бөлімінің бейнебақылау инспекторы: - Отбасымызда үш қызбыз. Әкеміздің арманы "қыздарым заңгер болса" дейтін. Әкем - құрылысшы, анам - ет комбинатында жұмыс жасады, қарапайым отбасында тәрбиеленіп, өсіп-бойжеттік. Әкем бізді адалдыққа, ар-намысты биікке көтеруді үйретті. Бүгінде оның арманы орындалды. Сіңлілерім де абыройлы қызмет атқарып келеді. Үлкен сіңілім Шолпан - облыстық сотта қызмет атқарады, кіші сіңілім Марта полиция капитаны, қалалық полиция басқармасында инспектор, -дейді полиция майоры Мейрамгүл Амантаева.
- Атырау қаласының аумағы күннен-күнге кеңейіп, өсіп келеді. Жаңадан ықшам аудандар қосылуда. Сондықтан, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты қадағалауға үлкен мән берілуде. Жедел басқару орталығында қызметкерлер тәуліктік кезекшілікке түседі. Яғни, жұмыс күні таңғы сағат 8-де басталып, келесі күні осы уақытта аяқталады. Біздің жұмысымыз бір қарағанда оңай көрінер,бірақ, монитордан көз алмай, әрбір қимыл-қозғалысты бақылап отыру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қаланың қай тұсында не болып жатқанын монитор арқылы көріп отырамыз. Әрбір құқықбұзушылықты қалт жібермеуге тырысамыз.
- Ішкі істер органына алғаш келгенімде, маған қызметтің қыр сырын жетік меңгеруге баулыған, әріптес апа, тәлімгерім, бүгінде зейнеткер Рысты Насенқызына алғысым шексіз,– дейді полиция майоры Мейрамгүл. Апалы-сіңлілі полицейлер қызметтерімен қатар, отбасының тіршілігін, балаларының бабын да тауып жүрген жандар. Мейрамгүл екі қыз бен ұлдың анасы, Мартаның сүйкімді қызы Кәусар өсіп келеді.
- «Қызметтен шаршап келгенде, алдымыздан еркелеп шыққан балаларымыздың тәтті қылықтары бәрін ұмыттырып жібереді. Сәбилеріміздің шат күлкілеріне, амандығына не жетсін!" -дейді олар.
Мейрамгүлдің жастайынан өлең шығаратын да өнері бар. Полиция майорының бүгінде қойын кітабында жүрегінен шығарған өлеңдері отыздан асады. Атырау полициясы қатарында аянбай қызмет атқарып жүрген апалы-сіңлілі Мейрамгүл мен Мартаға тек сәттілік тілейміз.