Кейбір тағдырлар бар – тұтас бір ұлттың рухани коды, елдің жадында мәңгі жаңғырып тұрар ерлік символы. Сондай тағдыр иелерінің бірі – Ауған соғысының ардагері, нағыз отансүйгіш, азаматтық борышын биік ұстаған Мұрат Калтайұлы Нусупов. Оның өмірі – болашақ ұрпаққа темірқазық болар тағылымды тағдыр, елдік пен ерлік сабақтастығының айқын айғағы.
Мұрат аға 1963 жылы Талдықорған облысы, Кербұлақ ауданы, Қарашоқы ауылында дүниеге келді. Қазақы қарапайым ауылдың төсінде еңбекке ерте араласып, тәртіп пен төзімді бойына сіңіріп өсті. Қарашоқы орта мектебін аяқтаған соң, ел игілігіне үлес қосып, еңбекке бел шеше кірісті. Бірақ оның өмірінің ең үлкен сынағы алда тұрған еді.
1981 жылдың көктемінде, 1 сәуірде ол Отан алдындағы әскери борышын өтеуге шақырылып, көп ұзамай-ақ, маусым айында Ауған жеріндегі қанды майданға аттанды. Бұл — тек мылтық пен оқ қана емес, рух пен жүректің сыналар тұсы болатын. Онда әр таң — қауіп, әр кеш — белгісіздік. Мұрат Калтайұлы бұл сынақтан сүрінбей өтті. Ол командирдің орудие көмекшісі, взвод командирінің орынбасары, барлау бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Сұрапыл соғыс ішінде Отанға деген сенімін жоғалтпады, жолдастарына тірек, жауға қайсарлықтың белгісі бола білді.
1983 жылдың 9 мамырында елге аман оралғанымен, оның жан дүниесінде қалған соғыс ізі — үнсіз, бірақ ауыр жара болатын. Бір сұхбатында ол:
«Соғыстың аты — соғыс қой. 18 жасымда барып, бәрін көрдім. Оқтан ұшқан жігіттерді де көрдік. Талай жолдасым көз алдымда көз жұмды…» — деп еске алады. Бұл сөздер – бір адамның ғана емес, бүтін бір ұрпақтың жанайқайындай.
Бүгінде Мұрат Калтайұлы – ардақты әке, асыл ата. Немерелеріне соғыстың шындығын ертегі емес, көзбен көрген өмір ретінде әңгімелеп бере алатын санаулы жандардың бірі. Тек майданда ғана емес, бейбіт өмірде де елге қалтқысыз қызмет етіп жүрген азамат. Оның кеудесін көмкерген орден-медальдар – тек марапат емес, көрінбейтін жара мен қайыспас рухтың куәсі:
• «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл»,
• «Интернационалист жауынгерге Ауған халқының алғысы»,
• «Ауған соғысының ардагері»,
• «За боевые заслуги» медалі,
• «Қазақстан ардагері»
және басқа да көптеген марапаттар – оның жанкешті еңбегінің, ерлік пен елдік жолындағы табандылығының белгісі.
Мұрат Калтайұлы — темірдей тәртіптің, суық майдан шындығы мен ыстық отансүйгіштіктің бір бойынан табылған біртуар тұлға. Оның ғұмыры — кейінгі буынға жарық шашар шамшырақ. Ол шырақ сөнбек емес, себебі ол — халықтың жадында, жүректерде сақталған ерлік.
Фатима ҚОЗЫБАҚОВА, тарих ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
Ғарифолла Әсел, Жанасыл Роза, Ұзаққали Аянат, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің 1-ші курс студенттері