Ғасырлар бойы қолданыста келе жатқан қазіргі күнтізбеміздің өзгеріске ұшырауы мүмкін бе?
Иә, осыған дейін 12 айдан тұрады деп келген күнтізбеміз енді 13 айға толығуы әбден мүмкін. Кеше Елордамызда «Жаһандық жаңалық» конференциясының қатысушылары осы мәселені талқыға салды.
Шарада бір жылға 13 айды сыйғызып жіберген академик Сайлыбай Бекболатов өзінің жаңа күнтізбесін ұсынды. «Хабар 24» арнасының хабарлауынша, академик өзінің туындысын жылдар бойы көне түркі кезеңін зерттеу арқылы құрастырғанын айтады. Тіпті, кейбір ғалымдар қазіргі қолданылып жүрген Григориан күнтізбесінің ғылыми негіздемесі жоқ деген тұжырымға келіп отыр.
Бұл көп кешікпей қазақша жыл санауына тағы бір жануардың келіп қосылатындығын білдіре ме? Бойының ұзындығына сеніп, күн шуағынан құр қалған түйенің жарқырар сәті енді тумасын деңіз.
«Хабар 24» арнасының мәліметінше, 1923 жылы Женевада өткен Лига отырысында күнтізбе реформасына байланысты арнайы халықаралық комитет құру туралы шешім шығарылған екен.
Содан бері күнтізбенің 400 жобасы ұсынылғанмен, біреуі де қабылдана қоймапты. «Профессор Әділ Ахметов: "Біз бүгін төрт жүз бірінші жобаны ұсынып отырмыз. Бұл – бүкіләлемдік, үнемі қолданылатын, өзгермейтін күнтізбе" деп нүктесін қойды» делінген арна сайтында.
Айта кетейік, Қазақстанда жаңа күнтізбе ұсынылғанымен, әлі қолданысқа ене қойған жоқ.
Байболат СҰҢҒАТОВ
Сурет: ашық дереккөзден