«Бір жылда 214 ұңғыма да қазғанбыз»

 

Иә қазір қоғам көзқарасы басқа, жұмысшы маманға сұраныс жоғары. Қалай айтқанда да, биыл жұмысшы мамандықтың қадірі артып, мәртебесі биіктеуге барлық жағдай жасалмақ.

Ұзақ жыл мұнай саласында еңбек етіп, Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруға  зор  үлес  қосқан азамат, бүгінде Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты «Төбеарал ойл» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген Ермек Нажикенов ағамыз осылай дейді. 

Қазақ жерінен мұнай табылғаны еліміздің бағы десек те болады. Одан түсетін табыс экономикамызды қолдап отырған  Ұлттық қорымыздың негізгі бөлігін құрайды. Сонымен қатар, мұнай компаниялары жергілікті жердің де мәселелерін шешуге өзіндік үлестерін қосуда. Қаншама адамды жалақысы жақсы жұмыспен қамтып отырғаны өз алдына, ауруханаларға, мектептерге, қайырымдылық шараларына, баспасөзге жазылуға ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Мұнай өндіру арқылы еліміздің қаражат қазанына  үлесін салып отырған мекемеде өз жұмысын жетік меңгерген, оған үлкен жауапкершілікпен қарайтын қызметкерлер жеткілікті. Кейбірі бүкіл өмірін осы саламен байланыстырған. Жоғарыда аталған Ермек Нажикенов ағамыз солардың бірі. 

Негізгі мамандығы – бұрғышы. Осы саланың барлық сатысынан өтті. 1972- 2020 жылдар аралығында  4 разрядты бұрғышы көмекшісі, 6 разрядты бұрғышы, бұрғылау шебері, күрделі жұмыстар жөніндегі шебер, технология бөлімінің аға инженері, аға диспетчер, бұрғылау орны басшысы, Ауғанстан Демократиялық Республикасы Балх провинциясындағы Шебеган қаласындағы  бұрғылау жұмыстары инженері, аталған елге техникалық көмек көрсету жөніндегі техникалық басшы, Прикаспий тереңнен  мұнай барлау экспедициясында цех бастығы, «Гурьевнефтьгазгеология» мекемесінде басқарма басшысы, «Мұнай» АҚ компаниясы президенті, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-де өндіріс бойынша инженер, Ақтау қаласындағы «Қарақұдық» ЖАҚ супервайзер, Атыраудағы «СП «Матин» ЖШС бұрғылау жөніндегі бас инженер, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-де суперинтендант, оңтүстік кореялық «Мұнай сервис» ЖШС Маңғышлақ облысы бойынша өңірлік бұрғылау департаменті, Жаңаөзен қаласындағы «Бұрғылау» ЖШС бұрғылау технологиясы бойынша, Атыраудағы «Қазмұнайгаз – Бұрғылау» ЖШС атқарушы директоры қызмет жолын  абыроймен жүріп, мол тәжірибе жинады. 2021 жылдан «Төбеарал ойл» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары. 2005 жылы Лондон қаласындағы Кембридж мектебінде ағылшын тілін оқыған. Қазір мол тәжірибесін серіктестікті  дамытуға жұмсауда.   

– Қазақ мұнайының ел игілігіне қызмет етуіне көп еңбек сіңірген Нұрлан Балғымбаевпен, інісі Нұрбергенмен бірге оқыдым. Геологияда 25 жыл жасадым. Ауғанстанда да еліміздің жұмсауымен мұнайдың айналасында үш жыл еңбек еттім. Онда мені шебер ретінде жіберген. Алты айда ауған тілін үйреніп алып, Ауғанстан департаменті қолдап, инженерге, жыл жарымнан кейін техникалық басқарушы дәрежесіне дейін көтерілдім. Төртінші жылға қалуымды өтінген, оған келіскен жоқпын. Аталған  мемлекет маған құжат, медальдар берді. Шыны керек ол елдегі өміріміз мамыржай тіршілік болған жоқ. Дұшпандар бізге шабуыл жасайды, соғысып қорғанамыз. 
 Келген соң Құрманғазы ауданында көп еңбек еттім. Кордуан, Коневский, Кобяково жақтардан кен орынын  барладым. Ганюшкинский деген жерде  үш кен орынын қаздым.. Одан кейін канадалық «Қарақұдықмұнай» компаниясында супервайзер болып  еңбек жолымды жалғастырдым. Жетібайдағы «Шалба» кен орнын игеруге көмектестім. Екі бұрғылау ұңғысын бітіріп бердім. Одан «Қазмұнайгаз Бұрғылау» мекемесі шақырған соң  Өзен қаласына  кеттім. Мұнда 20 бригадасы бар ең үлкен бұрғылау компаниясы бар. Жаңа бұрғылау технологиялары бойынша атқарушы директор етіп тағайындады. Осы жерден құрметпен зейнетке шығарды. Ақтөбеде жаңа кен орнын қазарда сырттан маман алмақ болған ғой. Сол кезде ондағы жігіттер  бұл жерді жақсы біледі деп мені ұсынған. Мені «Қазмұнайбұрғылауға» алып келді. Бәрі бір компания ғой. Жаңа жобалар бойынша атқарушы директор етіп тағайындады. Мұнда жүріп екі ұңғыма қаздым. Оралға жіберді, онда 5200 метрлік екі ұңғыма қазып шықтым. «Жайықмұнайға» жіберіп, мұнда екі ұңғыма қазумен айналыстым. Сөйтіп жүргенде біздің «Қазмұнайгаздан» Аңсаған кен орны шықты. Теңіздің қасынан 6200 метрлік ұңғыма қаздық. «Қазмұнайгаз Бұрғылау» мекемесі атынан қатыстым. Ол үшін Батыс Германияға барып қажетті құбырлар әкелдік. Жаңа технологияларды қолданысқа енгіздік. 2021 жылдан бері «Төбеаралойл» ЖШС-де жұмыс жасаймын. Бұған дейін Өзенде көлденең 6 ұңғыма қазған едім. Ол жерде 6 айда 58 ұңғыма қазып шығып, қалған  6 айда барлық технологияларды, бұрғылау, өндіріс процесін  түгелдей  жаңарттық.  Содан кейін тағы 6 айда 5 ұңғыма  қаздық. Бәрін қосқанда 1 жылда 158-ін қазған екенбіз. Келесі жылы 160 ұңғымаға  жоспар берсе, оны 180 етіп орындадық. Одан келесі жылы 180 бергенде 214 етіп орындап шықтық. Өзенде осындай жетістіктер жасаған соң  жігіттер бұрғылау саласының Құрметті зейнеткерлігіне ұсынды. Қазір жұмысты тастайын десем, мемлекетімізге берерім әлі де көп екенін ойлап, қатардан қалмай келемін, – дейді Ермек Саметұлы.

Еліміздің өркендеуінің локомотивіне айналған мұнай өндірісі екені бұлтартпайтын шындық. Ал, оның қарқынды дамуында  күннің ыстығында, қыстың бет қарыған суығында  дала төсінде жүріп, қазба байлығымызды халыққа ұсынып, жаңа кен орындарын ашқан осындай азаматтардың  еңбегі жатыр.

 

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT