«Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып»

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқығанда өткеніміз бен бүгініміз ғана емес, ел келешегінің көкжиегі елес бергендей сезімде болғанымды жасырғым келмейді.

Алдымен, заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін атап өте отырып, халықтың билікке деген құрметі болмаса елдігімізге сын болатынын ашық көрсетеді.

Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады. Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасында әділетті қоғам идеясын дамыту мақсаты ұсынылады. Өте орынды, қайнауы жеткен қажеттілік деп ойлаймын. Өйткені қазақта «кеңесіп пішкен тон, келте болмайды» деген сөз бар. Сол сөз жоғарыда келтірілген пікірлерге сәйкес келетіндей. Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайтатыны анық. Абайдың «Келелі кеңес жоғалды, ел сыбырды қолға алды» деуінің өзі ел арасындағы өмір шындығына көз жеткізіп, барлық деңгейдегі (ауыл, аудан, қала, облыс) пікірлерді тыңдап, екшеп, саралап барып ортақ шешім қабылдағанда ғана көптің көңілі толатын тірлік болатынын меңзейді. Ортақ ой, ортақ мүдде, пікірлер тоғысы бір жерден шыққанда ғана болашаққа бағдар айқындалады.

Мақаладағы «Себебі, әлемде бай мен кедейдің, білімді мен білімсіздің, қала мен ауылдың арасы алшақтап кетті...

Бизнес тек пайда көздесе, білімділер бөлек орта қалыптастырды, әрқайсысы өздері үшін ғана жауапкершілік арқалайтын болды» делінген. Бұл әлеуметтік жауапкершіліктің әлсірегені екені даусыз. Өйткені, қара басының қамын ойлайтын, шаруасын күйттейтін жағдай қалыптасты. Баланың білімі мен тәрбиесін мұғалімге, жол тәртібін сақтауды жол поли-циясына, тентекті тезге салуды полицияға аударып қоятындар бар екені жасырын емес.

Мақалада ұлттық мүдде, ана тілінің аясы туралы орынды айтылған. Өзге ұлттардың атақты Абай аты аталғанда қазақ деген халықтың өкілі екенін айтпай біліп тұратын дәрежеге жеткізу - баршаға ортақ міндет. Немесе ұлттық киім, салт-дәстүрлеріміз, тіпті ата-тегімізді атағанда қазақ халқының өкілі екенімізді түсінетін, ұғынатын жағдайлар күн тәртібінде тұрғаны анық.

Ал ана тіліміздің қолданыс деңгейі, әсіресе, ел басқарған азаматтар мен халық қалаулылары арасында көңіл көншітпейді. Алдымен, Абайды оқу, оның қара сөздері мен өлеңдерін мектеп қабырғасында оқытып қана қоймай, жоғарыдағы аталған топтардан бастап талап етілсе деген ой келеді. Ал еліміздің заңдарын әзірлейтін, талқылайтын, бекітетін іс басындағы азаматтар мен халық қалаулыларының өздері Абаймен сусындап барып іске кіріссе нұр үстіне нұр болар еді.

- Кемді-күн қызық дәурен тату өткіз,

Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз.

Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,

Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!...

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.

Біріңді бірің ғиззат, хұрмет етіс

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.

Абайдың осы бір-екі шумақ өлеңінің өзінде қаншама ақылға, бірлікке, татулыққа шақырған мағыналы кеңес, бәтуәлі бағыт, адамдыққа бағдар қылар өсиет жатыр.

Өмірдің сан соқпағын басынан өткеріп, «мыңмен жалғыз алыса» жүріп, өмірлік көзқарасын қалыптастырып, оны сана зертханасында саралап, өз ой қорытындысын жасаған ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың қарасөздері мен өлеңдерінің ұлттық өнегеден өріліп, халықтық қазынаның қайнарынан қалыптасқан даралығы ұлт болашағының темірқазығына айналары анық.

Адайбек ЕСЕКЕШ,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521