«Үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық әрі түсінікті болуы керек. Бірінші басшылар азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Әсіресе, аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет. Дегенмен мемлекет пен қоғамның серіктестігі азаматтарға да зор жауапкершілік жүктейді. Соңғы кезде заң үстемдігіне және қоғамдық тәртіптің сақталуына басымдық беру қажеттігі дамыған елдерде, тіпті, АҚШ-тың өзінде жиі айтыла бастады. Біз мұндай пайымға әлдеқашан келгенбіз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең орнығуға тиіс екеніне назар аударды. Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын берік ұстануы қажет. Қ.Тоқаев бұл бағыттағы жұмыстардың барлық деңгейде ұйымдастырылуын аймақ әкімдеріне жүктеді.
«Бірақ шектеулер мен айыппұлдарға қатысты мемлекеттің де, қоғам белсенділерінің де ұстанымы көңілге қонымды болуға тиіс. Мәжбүрлеу шаралары болмаса, тәртіп орнату мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекеттің іс-әрекеттеріне түсіністікпен қараған жөн. Бұл орайда диалог арқылы қоғамдық келісімге келу керек. Қалай десек те, мемлекет заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралар өз елін күстәналауға себеп болмауға тиіс», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір азаматтардың елімізді мазақ қылуға әуестеніп бара жатқанын сынады.
«Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе», - деді Мемлекет басшысы.