АСТАНА. KAZINFORM – Активтерді қайтару комитетінің мәртебесі өзгергенмен, шетелге заңсыз шығарылған активтерді елге әкелу процесі тоқтамау керек. Экономикалық саясат институтының директоры, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Қайырбек Арыстанбеков осындай пікір айтты.
Экономист биылғы Жолдауда макроэкономикалық тұрақтылыққа баса мән берілгенін айтады. Мемлекет басшысы Ұлттық банк пен Үкімет жұмысының үйлесімді болу керектігін бұл жолы да көтерген болатын.
- Бұл мәселе бізде әлі де толығымен шешілген жоқ. Расымен де Үкімет пен Ұлттық банк арасында қарама-қайшылық бар. Нақтырақ айтсам, Үкіметтің бюджет саясаты мен Ұлттық банктің несие саясаты бір-біріне қарама-қайшы келіп жатыр. Президент инфляцияны ауыздықтау мәселесін тағы көтерді. Жылдың инфляция деңгейі 12 пайыздың төңірегінде. Мұны қарапайым халықтың қалтасын қағатын салық деп қарауға болады, - дейді сарапшы.
Ұлттық құрылтай мүшесінің айтуынша, Активтерді қайтару комитетін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті деп атау туралы бастама заңсыз активтерді қайтару процесі мүлдем тоқтайды дегенді білдірмейді.
- Меніңше, бұл - шетелден капиталды қайтару жұмысы тоқтайды деген сөз емес, жалғасатын сияқты. Бірақ Президент қосымша инвесторлардың мүддесін қорғауға ерекше мән беріп отырған сыңайлы. Жалпы шетелден активтерді қайтару жұмысын әрі қарай жалғастырған дұрыс сияқты. Өйткені біздің есебіміз бойынша, шетелге шамамен 180-200 млрд доллар заңсыз кеткен. Ал комитет жұмысының нәтижесінде 1 трлн теңге ғана (шамамен 2 млрд долларға жуық) кірген. Бұл - өте аз, - деді Қайырбек Арыстанбеков.
Сарапшы Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлі туралы пікір білдірді.
- Ұлттық қордан ұзақ мерзімді, стратегиялық маңызы бар, ірі жобаларды қаржыландыруға болады. Мысалы, су ресурстарын тиімді пайдалану, сақтау, инфрақұрылымын салу іспеттес жобаларды кіргізуге болады. Энергетика саласындағы ірі жобаларға да Ұлттық қор ақшасын бағыттауға болады. Көлік-логистика саласындағы ірі жобаларды да Ұлттық қордан қаржыландыруға болады. Себебі бұл ұзақ мерзімді және халықтың мүддесіне жұмыс істейтін жобалар деп айтуға негіз бар, - деді Экономикалық саясат институтының директоры.
Еске салсақ, Президент биылғы Жолдауында Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті енді инвесторлар құқығын қорғау комитеті деп аталатынын мәлім еткен еді.