Біз барлық жағынан үлгі болуға тиіспіз

Қандайма мемлекет болмасын, оның даму жолында мемлекеттік қызметтің алар орны ерекше.

Еліміз егемендік алғалы бергі уақыт белесінде Президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен мемлекетті қалыптастыру бағытында ауқымды істер атқарылуының да негізі осында жатыр.

Елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттілікті одан әрі нығайтуда халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндеті тұрғанын атап өткені белгілі. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар жүзеге асып, мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі әзірленді. Қоғам мемлекеттiк қызметшiге өзiнiң барлық күш-жiгерiн, бiлiмi мен тәжiрибесiн атқаратын кәсiби қызметiне жұмсайды және өз Отаны — Қазақстан Республикасына адал да қалтқысыз қызмет етедi деп сенiм бiлдiруде. Бұл өз кезегінде біздің әрбір әріптесімізге үлкен жауапкершілік жүктейді, оны әрбір мемлекеттік қызметші сезіне білу тиіс. Сондай-ақ, Елбасының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрыстарының қалыптары регламенттелген мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі де қабылданды. Басты міндет - мемлекеттік қызметшілер тек қызметкер ғана емес, халық арасында беделді және үлгі тұтатын тұлғаларға айналуы.

Иә, мемлекеттiк қызметшiлер – ел Президентiнiң саясатын қолдауға, өз iс-әрекетiмен мемлекеттiк билiктiң беделiн нығайтуға, Қазақстан Республикасы Конституциясын басшылыққа алуға, қоғам мен мемлекеттiң игiлiгiне қызмет етуге, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн сақтау мен қорғауды қамтамасыз етуге тиіс. Мұнымен бірге біздің әріптестеріміздің кез келгені өтiнiштер бойынша белгiленген мерзiмде қажеттi шаралар қолдануға, адал, әдiл, қарапайым да сыпайы болуға, Қазақстан халқының бiрлiгi мен елдегi ұлтаралық келiсiмдi нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттiк тiлге және басқа тiлдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлерiне құрметпен қарауға міндетті. Осы тұрғыдан алғанда өз арамызда мемлекеттік қызметші абыройы – мемлекет абыройы болмағын анық сезіне еңбек етіп жүргендер басқаларға үлгі. Солардың қатарында өз еңбек нәтижелерімен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агеттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы Т.Жұмағұловтың Алғыс хатын иеленген Қамысқала ауылдық округі бас маманы Нұрлыбеков Айбекті, аудандық мәслихат хатшысы Н.Мұхамбеталиевтен Алғыс хат алған аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Бисен Рауанды атауға болар еді. Өз ісіне жауапты олардың өзге де әріптестері «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңын басшылыққа ұстана қызмет ету тек қана абырой биігіне шығарарын жақсы сезінеді, қызметінде жоғары жауапкершілікте болуға ұмтылады. Жалпы бүкіл әлемде мемлекеттік секторға ұдайы көңіл аударылады, ол, жоғарыда айтылғандай, қашанда қоғамның назарында. Елбасы Н.Назарбаев: «Мемлекеттік қызметші — жоғары моральды жауапкершілік, кәсіби білімін тәжірибеде қолдана алу, адалдық, таза ниеттілік, белсенді өмірлік ұстаным сияқты негізгі қасиеттерге ие болуы шарт. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмысының маңыздылығын сезіне отырып өз елінің патриоты болуы тиіс” деп атап өткендей, әрқайсымыз еліміздің өркендеуіне аянбай қызмет атқара бермегіміз - зор міндет, қасиетті парыз.

Серік АМИРОВ,

аудан әкімі аппаратының кадр қызметі және персоналды басқару бөлімінің басшысы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT