Біз осы жүзе білеміз бе?

Міне, жаз айы да басталды.

Осы мезгілде жұрттың баршасы ауылдың іргесінде ағып жатқан су айдынына немесе өзектерге суға түсуге барады. Көбі судың қауіпті екенін жадынан шығарып алады. Суға батып бара жатқан адам айғай салып, көмек сұрай алмайды. Өйткені ол басымен, денесімен судың астында болады. Соңғы үміт – қолы ғана. Бірақ судың түбіне кетіп бара жатқан жан қолын бұлғаса да, ешкім оны "батып бара жатыр-ау" деп ойламайды. Сырт көзге суға сүңгіп, қайтып шығып жүрген адам сияқты көрінеді.

Біздің ауданның үстінен бастауын сонау Жайық өзенінен алатын екі өзек-Бақсай, Нарын каналдары ағып жатыр.Осы өзектердің кейбір тармақтары теңізге барып құйса, енді біреулері жете алмай орта жолда құмға сіңіп кетеді.Шіліңгірдің ми қайнатар ыстығында көп адамдар немесе балалар осы ашық су айдынының кез келген жеріне барып, суға шомылуға әуес.

Алайда өзектерге шомылушылар арасында суға кетушілер саны артпаса, кеміген жоқ. Осыдан екі-үш жыл бұрын ауылымызда бір оқиға болды. Бұл оқиға тып-тыныш жатқан ауылды аяғынан тік тұрғызды.

Сөйтсек,күні кеше ғана әскер қатарынан келіп, «үйленейін» деп жатқан өрімдей жас жігіт шомылып жатқанда суға кетіп қалған. Ажал айтып келмейді, «сақтансаң, сақтармын» деген ғой,Жаратушы ием.Задында, жүзудің денсаулыққа пайдасының бар екенін бәріміз білеміз.

Десек те, шынын айту керек, біз суға жүзуді білмейміз. Оны үйретіп жатқан адамды да көре қойған жоқпыз. Былайша айтқанда, қазақ халқында жүзуге деген талпыныс, құштарлық байқалған емес. Өйткені, табиғатымыз солай болу керек. Басқа халықтарға таң қаламын. Олар бар бақытын судан тапқан. Мысалы, төрт жыл сайын өтіп жататын жүзудің әлемдік, Олимпиадалық жарыстарда шетелдіктер алдарына жан салдырмайды. Шетінен мықты.

Әрине,елімізде бұл спорт түріне мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар аз емес. Қазіргі кезде қаражат бөлініп, жүзу бассейндері салынуда. Бірақ мұның бәрі ірі қалаларда болмаса, бізде ондай әрекеттер байқалмайды. «Ауылымызда бассейн жұмыс жасайды» деген жанды осы күнге дейін кездестірмеппін. Одан кейін көбіміздің айтатын сөзіміз- ауыл балаларының бокс пен күреске ғана икемі бар дейтініміз. Әрине, ол солай болады, егер жүзуге жағдай болмаса, жүзуден әлемдік жұлдыздар былай тұрсын, жай ғана әуесқой жүзушілердің өзі шықпайды. Егер ауылда жүзу спортына жағдай жасалып жатса, қуанар едік.

Жалпы жүзу – дене тәрбиесінің кең тараған түрі. Алайда мектептерде денешынықтыру пәні жүргізілгенімен, жүзуді үйретпейді. Сондай-ақ канал жағалауларында жазда суға шомылатын арнайы орындар жоқтың қасы. Сол себепті балалар кез келген ашық су айдынына түсе береді.

Ал оның тазалығына тоқталар болсақ, ойланарлық жағдай. Кей тентектер «мен жүзгіш» деп мақтанатын көрінеді. Ондайларды суға батып бара жатқан кезде жаныңнан таба алмай қаласың. Сондықтан бірден жүзіп кету оңай емес, асыра сілтеймін деп ажал құшып жүрмеңіз.

Аяпберген САЛИХОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521