Бізді жаңа Чернобыль күтіп тұрған жоқ

0 votes

Атом электр станциясының құрылыс тақырыбы қоғамда үлкен пікірталастар тудырады. Жаңа Чернобыль апатына ұқсас жағдай болады деген қарсыластардың ең көп тараған дәлелі – бұл технологияның қауіптілігі. Алайда, бұл пікір бүгінде алдамшы және негізсіз. Себебі, соңғы 40 жылда атом энергетикасы саласында технологиялық жетістіктер болғаны соншалық, қауіпсіздік деңгейі түбегейлі өзгерді.

 

Біз қазір 1986 жылда тұрған жоқпыз. Сол кезден бері атом станциялары мен реакторлар жаңа көп деңгейлі қорғаныс жүйелерімен жабдықталған. Бұл жүйелер адам факторының әсерін барынша азайту үшін жасалған. Яғни, қазіргі реакторлар өздігінен жұмыс істеп, кез келген апаттық жағдайды болдырмауға арналған механизмдермен қамтылған. Мысалы, Фукусима апатынан кейін Жапония мен АҚШ сияқты елдер атом энергетикасын дамытуды жалғастырып, жаңа буын реакторларына көшті. Бұл жағдай атом энергетикасының қауіпсіз әрі сенімді екенін көрсетеді.

 

Қарсыластар тарапынан айтылатын «жаңа Чернобыль» деген сөздер тек қарапайым қорқыныш тудырып, мәселенің мәнін түсінбейтін адамдарға арналған манипуляция деп айтуға болады. Атом энергетикасының қазіргі заманғы технологиялары мен стандарттары қауіпсіздік пен тиімділікті бірінші орынға қояды.

 

Көптеген адам Қазақстанда атом энергетикасы саласында бұрыннан тәжірибе бар екенін ұмытып кеткен. 1972-1999 жылдар аралығында Ақтау қаласында орналасқан БН-350 реакторы сәтті жұмыс істеді. Бұл реактордың қызметі сол кездегі саяси жағдайларға байланысты тоқтатылды, ал егер жұмысын жалғастырған болса, қазіргі уақытта су мен электр энергиясының тапшылығы сияқты мәселелер туындамас еді.

 

Электр энергиясының тапшылығы мұнай-газ компанияларының өндіріс жоспарларын орындамауына алып келді. Бұл жағдай салық төлемдеріне, әлеуметтік шиеленістерге және жалпы экономикалық көрсеткіштерге теріс әсер етті. Егер біз тұрақты және көміртексіз электр энергиясын өндіру көздерін дамытпасақ, 2029 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнім көрсеткіштерін екі есе арттыру жоспары іске аспауы мүмкін.

 

Қорыта айтқанда, бүгінде қорқынышты емес фактілерге сүйену маңызды. Қазақстан атом энергетикасының жаңа мүмкіндіктерін зерттеп, әлемдік тәжірибеге негізделе отырып, болашақта тұрақты және қауіпсіз энергетикаға қол жеткізе алады. Чернобыль сияқты апаттар өткен шақтың қалдығы болса, бүгінгі атом энергетикасы – экологиялық таза, тұрақты.

 

Тельман ШУРИЕВ,

тәуелсіз сарапшы

 

    

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT