Бизнес-жоспар: қажеттілігі мен маңызы қандай

Иә, кез келген кәсіп белгілі бір мақсатқа негізделеді. Жеке кәсіппен айналысуды қалаған жандар табыстарын арттыруды көздейтіндері анық. Әр істің жоспары, жүргізу реті мен кезеңі болады. Алайда жоспар, әсіресе, бизнес-жоспар туралы айтқанда, бұл тек ауқымды инвестиция құйылған ірі бизнеске қатысты деген ой туындайды. Дегенмен, аздаған қаржы салынатын микробизнеске де жоспар керек болады.

Бизнес-жоспар деген бизнес-идеяның қаптамасы. Оның ішіндегі ақпарат нақты, мәтіні түсінікті болуы керек. Мәтін жазғанда ғылыми терминдерді көп қолданбаған абзал. Бизнес-жоспар дайындағанда 4 бағытты назарға алу керек. Олар:

- инвесторды қызықтыру;

-маркетингтік немесе сату жоспары;

- қаржылық көрсеткіш;

- тәуекел.

Сонымен қатар мемлекет тарапынан қаржыландыру берілетін болса, бизнес-идеяның әлеуметтік-экономикалық негіздемесі көрсетілуі керек.

Кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтар бизнес-жоспарды дайындауда тікелей өзі қатысқаны абзал, көп адамдар оны мамандарға жасатып алуға тырысады. Бизнес-жоспарды жасақтауда, ең алдымен, қаражат тарту, табыс табудың нақты жоспары жасалып, тәуекел мен қауіп, табыс табу мерзімі көрсетілуі керек. Себебі, кез келген инвестор үшін жобаға құйылған қаражаттың өтелуі маңызды.

Осыдан келіп бизнес-жоспар дайындаудың маңыздылығы мен артықшылығын көрсететін нақты 5 себебі бар екендігі анықталады. Енді соған тоқталайық.

№1 себеп – стратегия

Жеке кәсіп ашар алдында стратегиялық жоспар дайындалуы маңызды. Әсіресе, жаңа бағытты қолға алғанда. Кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтардың арасында бизнес-жоспар керек деген ұстанымда болғанымен, жос-парсыз да жетістікке жетуге болатынына сенгісі келетіндердің қатары аз емес. Жоспар – ойлаған межеге жетудің жолы. Оның әрбір тетігі дәлме-дәл көрсетіліп тұруы керек.

Бизнес-жоспар – карта. Әрбір кезеңі, бағыты, уақыты көрсетілген нұсқаулық, бәсекелестікке төтеп беру жолын айқындайтын құрал.

№2 себеп – жоспарлау

Стратегия мен жоспарлау бір қарағанда ұқсас болғанымен, айырмашылығы бар.  Стратегия – үлкен мақсаттың айқындалуы, ал жоспарлау – сол мақсатқа жетудің жолдары. Бизнес-жоспар бар болса, күнделікті іс-қимылды бақылап, жоспарлап отыруға мүмкіндік болады. Ауқымды мақсаттан қысқа мерзімді уақытта орындалуы тиіс KPI анықталады. Тиімділіктің негізгі көрсеткіштері бизнесті қаншалықты дұрыс жүзеге асырып отырғандығын анықтауға мүмкіндік береді. Тиімділік пен табыс үшін маркетингпен байланысты жұмыстардың атқарылуы маңызды.

№3 себеп – ақша есепті ұнатады

Шынайы бизнес пен ұзақ мерзімді жұмыс бос қиялды ұнатпайды. Сол үшін нақты қаржы сценариі керек. Қаржылық модель құрғанда орынжайды жалға алу, тауар сатып алу құны, өткізу құны, қызметкерлердің еңбекақысы және тағы да басқа шығыс пен кіріске әсер ететін негізгі мәліметтер анық жазылуы керек. Бұл кесте жобаның да-муына қарай өзгеріп, толықтырылып отыруы әбден мүмкін. Кәсіпкер арнайы кесте жасай отырып, қалай табыс таба алатындығын жіті ұғынады.

№4 себеп – серіктестік

Жеке кәсіппен енді айналыса бастағандар үшін арнайы білім керек. Сонымен қатар міндетті түрде бастапқы қаражат керек. Сондықтан бизнес-идеяны нақты жоспармен байланыстырған абзал. Бизнес-жоспар әп-сәтте қомақты қаржыға айнала салмайды. Дегенмен, ондағы дұрыс көрсетілген мәліметтер - инвестордың табылуына немесе банктен қажетті несиені алуға үлкен көмек. Бизнес-жоспар арқылы шығын жүйеге салынып, жеке кәсіп қашан пайда табатыны анықталады. Сондықтан бизнес-жоспардың сауатты жасақталуы инвесторлардың жобаға серіктес болуға шешім қабылдауларына ықпал етеді.

№5 себеп – ынталандыру

Көздеген мақсатқа жетудің ынтасы кез келген кедергіге төтеп береді. Кәсіп бастаушының бизнес-жоспарды дайындауға қатысуы істің қалай жүргізілетінін, қандай міндетті орындау керектігін, оның мақсаты қандай екенін түсінуге себепкер болады. Сонымен қатар істі енді қолға алған кәсіпкер үшін бизнес-жоспарды бірлесіп дайындаудың артықшылығы мол. Сондықтан мамандар бизнес-жоспарды арнайы агенттіктер мен фрилансерлердің дайындауына тапсырудың қажеті жоқ екенін алға тартады. Бизнес-жоспарды мамандармен бірлесіп дайындаған кәсіпкер мақсатты ұғынып, оны жүзеге асырудың жолдарын айқындап, кіріс пен шығыстың қалай есептелетінін, инвестицияны тарту, әріптестерін ынталандыру тәсілдерін түсінеді.

Міне, бизнес-жоспар дайындаудың маңыздылығы мен артықшылығы көрсетілген нақты 5 себеп анықталды, ал оның мазмұны қандай болады?

Бизнес-жоспардың мазмұны:

  • Түйіндеме
  • Компания мен саланың сипаттамасы
  • Өнімнің немесе қызметтің сипаттамасы
  • Маркетинг және өнімді (қызметті) өткізу
  • Өндірістік жоспар
  • Ұйымдастырушылық жос-пар
  • Қаржы жоспары
  • Жобаның бағыты мен тиімділігі
  • Тәуекел мен кепілдік
  • Қосымша мәліметтер

Қазіргі таңда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметінің бір бағыты – қаржылай емес қолдау көрсету. Бұл ретте аудандық филиалда бизнеспен айналысуға қажетті кеңес беріліп, арнайы құжат жинауға көмектесіледі. Сонымен қатар, мамандар бизнес-жоспар құрып, жобаның толық жүзеге асуына дейін сүйемелдейді.

 

  Нұрым МУСИН

облыстық кәсіпкерлер палатасы

 аудандықфилиалының директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT