Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қазіргі әлемде энергия тапшылығының күшейіп бара жатқанын айта келіп, атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керегіне тоқталған болатын.
Осы орайда біз жақында аудандық «Атырау-Жарық» АҚ-ның аудандық электр энергиясы жүйесі басшысының орынбасары Әлібек Төлебаевқа жолығып, «Елімізге АЭС не үшін қажет?» деген бір-ақ сауал қойған едік. Біздің сауалымызға ол былай деп жауап берді.
-Жолдауда Президент айтқан ең маңызды жайттың бірі – елімізде атом электр стансасын салу. Осы үшін Мемлекет басшысы референдум күнін өткізуді белгілеп берді. Елімізде атом электр стансасын салу туралы талқылаудың жүріп жатқанына біраз уақыт болды. Бірі дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, қолдау білдірсе, екінші тарап радиациялық зардабын алға тартып, қош көрмей отыр.
Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атом энергиясы бейбіт мақсатта Қазақстанның экономикасын дамытуға пайдалану туралы шешімінің ар жағында еліміздің экономикалық дамуы, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатының артуы, экологиялық мәселелерді шешудің жатқанын ескерген жөн. Өйткені, электр қуатын тұтынудың кейінгі жылдары еселеп артып бара жатқанын, болашақта оған деген тапшылықтың күшейе түсетінін мамандар соңғы жылдары ескертумен келеді. Сондықтан бұл тұйықтан шығудың бірден-бір жолы атом энергетикасының әлеуетін пайдалану болмақ. Себебі елдегі энергетиканың жетіспеушілігіне байланысты бұл мәселені түбегейлі шешу үшін жобаларын қаржыландыруды 17 есе ұлғайтып, салаға 4,3 триллион теңге инвестиция қажет екен.
Сондықтан болар, Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Бізде инвестицияны былай қойғанда, таза атом энергиясы жоқ болса, экономикамызды құлдыратып аламыз, аймақтағы көшбасшылығымыздан айырыламыз. Сондықтан бізге электр энергиясы, атомдық таза энергиясы қажет деуінде үлкен мән-мағына жатқанын аңғару қиын емес.
Сөйтіп, Президент бұл мәселенің біз үшін қаншалықты өзекті екенін айқындап берді. Жүйелік оператордың болжамынша, 2030 жылға қарай еліміз электр энергиясының тапшылығын қатты сезіне бастайды. Тапшылық 2030 жылдың соңына қарай өндірістік қуат деңгейінің шамамен 10%-ын құрауы мүмкін. Бұл тапшылық қазірдің өзінде жүйеде 2 000 МВт-тан астам қуатты қамтамасыз етуге қабілетті ауқымды генерацияны құру қажеттігін көрсетеді. Егер мүмкіндігі мен болашағын ескерсек, атом энергетикасы бұл қиындықты еңсерудің бірден-бір оңтайлы шешімі болып отыр.
Қазіргі кезде әлемде 730 миллионға жуық адам электр қуатына қол жеткізе алмай отыр. Тапшылық Африка мен Азияда қатты байқалады. Еуропада да сұраныс артып келеді. Әр ел мәселенің түйінін өзінше тарқатып жатыр. Бірі жел, су, күн сияқты жаңғырмалы энергия көздерінен өндіруді қолға алса, енді бірі атом электр стансаларына бет бұрған.
Қазір жер бетінде 58 атом реакторының құрылысы жүріп жатыр. 2030 жылға қарай операциялық реакторлар саны 437-ден 470-ке дейін артады. 2040 жылы 532-ге жетеді. Ал бізде былтыр қаңтар айында электр энергиясының тапшылығы 4,2 млн кВт/сағат, ақпанда 23,3 млн кВт/сағат болды. 2022 жылы тапшылық 8 ай бойы байқалды. Бұл мәселе әсіресе оңтүстік өңірде өте өзекті. Энергия әзірге басқа аймақтардан келетін электр қуаты есебінен және көрші Ресейден сатып алу арқылы өтеліп отыр.
Энергетика министрлігі 2030 жылға қарай елімізде электр энергиясы тапшылығы ұлғая түсуі мүмкін деп жорамалдайды. Қазір елімізде 220 электр стансасы жұмыс істеп тұр. Оның 144-і жаңғырмалы энергия көздерінде. Стансалардағы жабдықтардың 56%-ы орташа тозу деңгейінде. Сондықтан атом электр энергиясы үздіксіз энергия өндірудің жалғыз ғана көзі ретінде қалып отыр. Себебі АЭС генерациясының барлық түрінің ішінде көміртек қалдығын ең аз мөлшерде қалдыратын энергияның баламасы саналады. Сонымен қатар елдегі электр энергиясын тұтынудың артуына және декарбонизацияға көшуге байланысты жақын арада энергетикалық дағдарыс орын алатынын, жаңартылатын энергия көздерін, жел мен күн стансаларын дамытумен қатар атом энергетикасын жетілдіру қажет. Әлем елдері бүгінде француз технологиясы негізінде өз реакторын жасап, өз АЭС-ін тұрғызып жатыр. Кейінгі жылдардағы геосаяси жағдайға, жолдың алыстығына байланысты логистикалық қызмет қымбат. Ал АЭС жабдықтары мен тұтас блоктар логистикасы көп қаржыны қажет етеді. АЭС-ті салатын компанияларға таңдау түскенде бұл жағын да ескермесе болмайды.
Күн сайын күнделікті қа-жеттілігімізді қанағаттандыру электр энергиясымен жүзеге асып отыр. Елімізде мұнай мен газ қорының шектеулі болуынан, ертеңгі күнгі энергия тапшылығына тап болмас үшін болашақ энергиясын дамытуымыз керек.Бұл мәселені шешудің екі жолы бар: энергоресурстарды үнемді жұмсау және баламалы энергия көздерін пайдалану. Қазіргі заманды электр энергиясынсыз елестету мүмкін емес. Сол себепті де, электр энергиясын алудың шығыны аз, экологиялық таза көздерін табу бүгінгі күннің негізгі мәселесіне айналып отыр. Соңғы кездері экологиялық мәселелер, пайдалы қазбалардың жетіспеушілігі салдарынан электр энергиясын өндіру, жел энергетикалық құрылғыларды, күн батареяларын, газ генераторларын пайдалану арқылы жүзеге аса бастады. Баламалы энергия көздері – бұл өз-өзінен жаңарып тұратын, желден, судан, күннен алынатын табиғаттың таза энергиясы. Бұндай энергияны пайдаланудың өзіндік құнына қатысты мәселе баршылық . Өйткені мұндай нысандардан босатылатын баға тұтынушы үшін жоғары. Сонда да әлемнің көптеген елдері таза қуатты энергия көздерін барынша пайдалануға ауысу үшін көптеген құрылғыларды жасап, оны іске қосып келеді. Ғалымдардың болжамынша, ХХІ ғасырдың ортасына қарай жаһандық энергетикалық баланстағы баламалы қуат көздерінің үлесі 30 пайызға дейін жетпек. Электр энергиясын тұтыну көлемі барған сайын артып барады. Бүгінгі күні бізге қолжетімді энергоресурстар адамзаттың ажыратылмас мұрасы болып табылады, оны жауапты және ұтымды пайдалану қажет. Бұл жаһандық іс-шараның міндеті – энергия тұтынуды жоспарлау мен бақылау, сондай-ақ болашақ ұрпақтардың өмірі үшін қажетті тұрақты энергия көздері мен біздің ғаламшарымыздағы бүкіл адам баласын сақтап қалу үшін халықаралық қоғамдастықты жауапкершілік сезіміне шақыру.
АЭС қауіпсіздігіне бүкіләлем мүдделі. Өйткені, МАГАТЭ-нің комиссарлары мен халықаралық ұйымдар атом электр станциясының іргетасы қаланғаннан бастап жобаны қатаң бақылауда ұстайды. Аталған жобаға халықаралық дәрежедегі тексерушілер ұдайы қатысып отырады. Олар тіпті іргетасынан емес, құжаттарды әзірлеу кезеңінен бастап қатаң қадағалауға алады. Себебі, ешкімнің басы екеу емес. Халықаралық тексерушілер АЭС салынатын орынды мұқият қарайды. Оған жасалған нормативтік құжаттарды мұқият тексереді. Ол жер дұрыс таңдалды ма? Тағы бір қосалқы жұмыстар атқару керек пе? Техникалық экономикалық негіздеме дұрыс жасалды ма? Бәріне бәрінің көзі толық жеткенде барып, АЭС құрылысын бастауға келісім береді. Бұл әлемде жұмыс істеп тұрған 425 реактордың әрбірінің жұмысы қатаң бақылауда деген сөз. Бұдан біз атом электр станасының қауіпсіздігіне байланысты мәселенің қаншалықты жауапткершілікте тұрғанын байқаймыз. Сөзіміздің басында айтқанымыздай, ел экономикасының алда электр энергиясы тапшылығы болады деп дабыл қағуы бекер емес. Қорыта айтқанда, атом энергетикасы не үшін қажет? Біздің болашағымыз үшін қажет. АЭС ғылым мен технологияны дамыту үшін қажет. Түптеп келгенде, ел тәуелсіздігін нығайту, экономикасын орнықты дамыту үшін қажет.
Аяпберген САЛИХОВ