Болашақ педагогтар онлайн білім беруге дағдыланып жатыр

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері «Birge oqý» платформасында «Онлайн педагогика 2.0» арнайы курсынан өтуде деп хабарлады оқу орнының баспасөз қызметі.

Болашақ педагогтар курс барысында қашықтан оқытудың терминологиясы мен негізгі қағидаларын және онлайн білім берудің жаңа технологиялары мен әдіс-тәсілдерін жан-жақты меңгермек. Бұл жоба Тұңғыш Президент қоры мен Елбасы Академиясының бастамасымен жүзеге асырылуда. Кәсіби мамандар мұғалімдер мен студенттерге және ата-аналарға екі тілде дәріс береді.

Айта кетейік, «Birge oqý» педагогтарға қашықтан білім берудің қыр-сырын түсіндіретін көмекші құрал іспеттес. Платформа уақыт өткен сайын онлайн білім беру әлемінде мұғалімнің бағыт беруші таптырмас серігіне айналып келеді. Дәріс барысында қашықтан оқытудың негізгі құралдары, нұсқаулықтары мен техникасы көрсетіледі. Сондай-ақ сабақты неден бастау керектігі жөнінде тиісті кеңестер айтылып, жұмысты ұйымдастырудың қарапайым тәсілдері ұсынылады. Бұл өз кезегінде Қыздар университетінің қабырғасында білім алып жүрген болашақ педагогтардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына септігін тигізбек, – дейді ҚызПУ-дың Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан.

Курс соңында қатысушылардың қандай да бір пән бойынша арнайы жобасы болады, сонымен қатар, үздік студенттер ауылдық мектеп оқушыларына арналған «El Úmiti» онлайн мектебінің тьюторы ретіндегі іріктеуге қатысады.

«Birge oqý» жобасының негізгі мақсаты – қашықтан білім беру форматына көшуді оңтайландыру, мұғалімдер мен оқушыларға және олардың ата-аналарына онлайн оқыту барысында көмек беру, сапалы білім алуға мүмкіндік жасау, – дейді жоба авторлары.

Олардың айтуынша, дәріс кезінде ұзақ жылдар бойы онлайн білім беру саласында жұмыс істейтін, оның ерекшеліктері мен қағидаларын жете меңгерген отандық педагогтардың тәжірибесі ескеріледі.

baq.kz

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521