Бруцеллездің алдын алу шаралары

Соңғы жылдары Атырау облысы бойынша тұрғындар арасында жедел бруцеллезбен аурушылық азайған.

Алайда, ірі мүйізді малдың бруцеллезбен зақымдалу көрсеткіші Атырау, Мақат, Қызылқоға аудандарында, сондай-ақ, қой-ешкі малының зақымдалу көрсеткіші Қызылқоға, Мақат  аудандарында жоғары деп көрсетілген. 

Ал, біздің аудан бойынша өткен жылы ірі мүйізді малдың бруцеллезбен зақымдалу көрсеткіші 38 бас, түйе малының зақымдалуы 6 жағдай анықталды. Жануарлар арасында бруцеллезбен зақымдалу көбінесе Зинеден, Исатай, Қамысқала ауылдық округтеріне қарасты малдардан анықталуда. 2019 жылы аудан әкімі М.Б.Мурзиевпен келісілген «Исатай ауданы аумағында бруцеллездің алдын алу шараларының 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспары»  жасақталып, төрт жақты келісілген болатын. Бұл кешенді жоспарда:

1. Ұйымдастыру-шаруашылық іс-шаралары

2. Ветеринариялық-санитариялық шаралар

3. Эпизоотиялық ошақтарда және қолайсыз пункттерде жүргізілетін іс-шаралар

4. Емдеу алдын алу шаралары

5. Тұрғындар арасында бруцеллездің алдын алу, ақпараттық насихаттау жұмыстары көрсетілген.

Алайда, жасақталған кешенді жоспарға сәйкес санитариялық індетке қарсы профилактикалық шаралар өз сатысында жүргізіліп келеді. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI ҚРЗ Кодексінің  86-бабы медициналық қарап-тексеру, сондай-ақ "Аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 12 қарашадағы № ҚР ДСМ-114 бұйрығының  9-тарауы  «Бруцеллездің алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың» 197- тармағында «Бруцеллез жұқтырған және бруцеллезбен ауыратын адамдарды уақтылы анықтау мақсатында Кодекстің 86-бабына сәйкес міндетті медициналық профилактикалық тексеруге жұмысқа тұру кезінде және одан әрі жыл сайын азаматтарды тексеру» мақсатында ішінара санаттарының  тізімін әр ауылдық округі әкімдеріне арнайы хатпен шығып, кері байланыс жасап отырмыз.

Жеке шаруашылық жануарларымен (бруцеллезге бейім) байланыста болған барлық адамдарды балаларды қоса алғанда, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес қанды серологиялық, бактериологиялық әдістермен зерттеу үшін ауру шыққан округтегі жергілікті амбулаторияның аға дәрігерлеріне санитариялық-індетке қарсы профилактикалық қаулы беріліп, орындалысы қадағаланып отыр. Сондай-ақ Атырау облыстық департаментімен «Ұлттық сараптама орталығы» Атырау облысы бойынша филиалының екі жақты бекіткен жыл сайын бруцеллезге әкелінетін үлгілер (күбір, топырақ, жүн, тері) жануарлардан бруцеллез анықталған ошақтардан жоспарға сәйкес (наурыз- маусым айларында) 68 сынама алынып аса қауіпті аурулар зертханасына жеткізілді, сынамалардан «оң» нәтиже өткен жылы анықталмады. Биылғы жылдың 16 ақпанында аудандық аурухананың мәжіліс залында медицина қызметкерлері арасында «ауданымыздағы бруцеллездің эпидемиологиялық жағдайы» туралы 1 семинар өткізіліп, оған 22 адам қатысты.

Жалпы бруцеллез деген не, ол қалай жұғады? деген сауалға тоқталсақ,  бруцеллез – адамдарға жануарлардан берілетін зоонозды ауру. Бұл ауру адамға ауылшаруашылық малдарынан жұғады. Инфекция көзі бруцеллезбен ауыратын жануарлар қой, ешкі, ірі мүйізді мал, шошқа болып табылады. Адамдар үшін  ең қауіптісі – қой-ешкі малы. Бруцеллез қоздырғыштары сыртқы ортаға аса төзімді келеді. Мәселен, бруцеллалар әдеттегі температурада  шикі сүтте 10 күннен 18 күнге дейін, мұздатылған етте – 47 күннен аса, жүнде – 4 айға дейін, ағынды суда – 12 күнге дейін, топырақта және қида -  4 айға дейін сақталады. Залалсыздандыру заттарының және жоғары температураның әсерлерінен бруцеллез қоздырғыштары тез өледі.

Адамдар ауру жануарларды бағып-күтуде, сою кезінде, жеке бастың алдын алу шараларын сақтамағанда, олардан алынатын шикізаттарды өңдеуде және  тамаққа шикі сүтті және одан дайындалған өнімдерді, жеткіліксіз қайнаған етті  пайдаланғанда жұқтырады. Жасырын кезеңнің ұзақтығы шамамен 1-3 аптаға, ал кейбір жағдайларда бірнеше айға дейін созылуы мүмкін.   

Бруцеллездің алғашқы белгілері:

Ауру әдетте біртіндеп басталып, көңіл-күйі нашарлайды, бұлшықеттері ауырады, асқа тәбеті жоғалады, терлейді, жұмысқа қабілеттілігі төмендейді. Көп ұзамай бұл белгілер күшейіп, дене ыстығы 39-40оС-қа дейін жоғарылайды, басы, буындары ауырады, бұлшықеттер мен сүйектердің қақсап аурады,  әлсіздік, ұйқысыздық пайда болады.

Алдын-алу шаралары:

Бруцеллезді жұқтыруды болдырмау үшін, әрбір адам келесі ережелерді қатаң сақтауы қажет:

- жыл сайын малдарды бруцеллезге тексеруден өткізу;

- малда түсік тастау жағдайын  тез арада малдәрігеріне хабарлау;

- балаларды бруцеллезге тексерілмеген малдарға күтім  жасауына, олардың  төлдерімен ойнауына жол бермеу;

- мал күтіміне кіріспес бұрын, арнайы киім кию;

- бұл киімдермен тұрғын үйге кірмеу;

- жұмысты аяқтағаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу;

- ауру мал тұрған қораларда тамақ ішпеу, темекі шекпеу;

- малдәрігерінің алдын-ала қарауынсыз малды союға жол бермеу;

- малды союды аулада емес, мал сою пункттерінде жүргізу;

- жеке адамдардан  мал сатып алғанда малдәрігерінің рұқсат қағазын талап ету;

- ет және сүт өнімдерін қатаң белгіленген орындардан алу (базарлар, дүкендер, үлкен сауда нүктелері). Сондай-ақ мал қожайыны малдағы іш тастаудың, төлдің өлі туылуының әрбір жағдайын малдәрігерлеріне хабардар етуге міндетті.

Бруцеллез бұл емделетін ауру. Дер кезіндегі диагностика мен емдеу жедел бруцеллездің созылмалы сатыға өтуін алдын алады.

Әрбір адам бруцеллездің алғашқы белгілері байқалысымен дереу дәрігерге көрінуі керек.

Айба УЛДАНОВА,

Исатай аудандық СЭБ басқармасының жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT