Бүгін Қадыр түнін исатайлықтар мешіттен қарсылай ала ма?

Қасиетті Қадыр түнінің бір хадистерде Рамазан айының 27-інші түнінде келуі ықтималдығы айтылған.

Осыған сай жылда мешіттерде рамазанның 27-інші түнінде қадыр түні күтілетін. Ол түн бүгінгі, яғни, 19-мамырдан 20-сына қараған түнге сәйкес келіп тұр. Ендеше бүгінгі Қадыр түнін исатайлықтар қалай қарсылайды? Бұл туралы болып Исатай аудандық «Зинеден Құрасұлы» мешітінің бас имамы Шалқар Дәулетханұлына хабарласқан едік.

- Биыл әлемдегі жағдайға байланысты Рамазан айын әр мұсылман өз үйінде өткізуде. Дәлірек айтсақ, төтенше жағдай режиміне, жарияланған карантин заңдылықтарына сай жамағат құлшылықтары, соның ішінде жұма, тарауих намаздары оқылмады. Жақында жарияланған ҚМДБ Үндеуіне орай Қадыр түнін де үйден қарсылауға тура келіп тұр, - дейді бас имам.

ҚМДБ Үндеуінде: «Қадір кешін өз үйлеріңізде өткізу қажеттігін қаперлеріңізге саламыз. Тәртіпке бағынуды сұраймыз. Бұл – сіз бен біздің, өз отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шешім. Осы Үндеуге түсіністік танытып, карантин талаптарын сақтайсыздар деген сенімдеміз» делінген.

- Мың айдан да қадірлі Қадыр түнін өз үйімізден де құлшылық-ғибадатпен, Құран оқып, болмаса жақсы өнегелі әңгімелер айтып қарсылауға болады. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік. Бұндай сауаптар еселенетін берекелі түн бір жылда бір-ақ рет келеді. Сондықтан мүмкіндікті жіберіп алмайық, - дейді дін маманы.

Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Қадір кешінде Құран хатым дұғасын, уағыз-насихат пен пайдалы дәрістерді онлайн режимде өткізеді. Үйде отырып, онлайн режимде дұғаға қатысып, насихат тыңдауға толық мүмкіндік бар.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521