Жер-жаһанда жемқорлыққа қарсы қолға алынған шаралардың барлығы жемісті болған жоқ. Бірақ белгілі бір деңгейде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жүгенін тартып, қоғамдық санаға сілкініс болғандарын да жоққа шығаруға болмайды.
Әрине, сыбайлас жемқорлық әлемнің барлық елдерінде, оның ішінде дамыған мемлекеттерде де орын алып жатады. Десек те, бұл індет экономиканың бәсекеге қабілеттілігін барынша тежейтіні белгілі. Сондай-ақ, елдің халықаралық беделіне нұқсан келтіретіні мәлім. Бұлардың ішінде ең сорақысы, азаматтардың билікке деген сенімін төмендетіп, сол арқылы мемлекетке қауіп төндіреді. Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы жұмыс істеп жатыр. Құжат сыбайлас жемқорлықтың алғы шарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбінен өзгертуге арналған.
Ал аталған тұжырымдаманы орындауға барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар мен мекемелер, саяси партиялар және басқа да қоғамдық бірлестіктер, тұтастай алғанда, азаматтық қоғам қатынасуы қажет екені сөзсіз. Осылайша сыбайлас жемқорлыққа деген әрбір азаматтың жеке көзқарасы қалыптасуы қажет. Егер осы кеселмен күресте әркім өзіндік азаматтық ұстанымын көрсете білсе, онда сыбайлас жемқорлықты тежеу оңайырақ болмақ. Үкімет қолға алып жатқан шараларға әркім өз үлесін қоса алса, адамдардың өзіне тиімді. Өйткені, әкімшілік кедергілерді жойып, билік ісіне халықтың өзі баға бере алатындай деңгейге жету үшін көпшіліктің жұдырықтай жұмылуымен жүзеге аспақ.
Күмісгүл Ғалымова
Қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары