Ділдә ана көп балаға кіндік шеше болған

Ділдә Матайқызы кім?

Өткен ғасырдың 50-ші жылында Өзбекстан жеріндегі әскери госпитальда фельдшер болып жүрген жерінен гурьевтік жауынгер Нұрғалимен көңіл жарастырып, сол кездегі Новобогат селосындағы Тасмағамбет қарияның шаңырағына келін болып түскен уылжыған жас қыз болатын. Орысша білім алған жас келінге үлкен шаңырақтың тауқыметі үлкен сын болғаны бар. Бірақ, алғыр да қабілетті жас келін салт-дәстүрді, қазақы әдет-ғұрыпты тез меңгере алды. Ол – Тасмағамбет атаның көрегендігі, Жәниба әженің кеңпейілділігі мен жайлылығы, Нұрғали ағамыздың азаматқа сай өршіл мінезі, турашылдығы және ағайыншылығы арқылы жүзеге асты.

Өзі сол кездегі аудандық ауруханада акушер-гинеколог болып қызмет атқарды. Айта кету керек, 1950 жыл мен 1963 жылдар арасында өмірге келген нәрестелердің 80 пайызының «кіндік шешесі» Ділдә жеңгеміз болды деп айтуға болады.

Өмір деген қас-қағым сәт қой. Өте шығады. 1997 жылдың жазында өмірлік жары Нұрғали ағамыз кенеттен дүние салды. Ағамызды соңғы сапарға шығарып салу қаралы жиынында Ділдә жеңгеміздің сөзі жан тебірентті. Ағайындардың көңілін босатты.

Нұрғали ағаның ағайынға деген ерекше ықыласын Ділдә жеңгеміз хал-қадірінше жалғастырды. Абысын тату болса ас көп дегендей, ағайындар арасындағы абысындарға ізетті келін, өзінен кішілерге ақылман абысын бола білді. Тіпті, ағайын емес, осы өңірге танымал салт-дәстүрмен әдет-ғұрыптың жаршысы және қазақтың қыз-келіншектеріне деген ұлағатты әңгіменің қазынасы бола білді. Оған дәлел – өнеге мен өсиетке толы 3 кітабы.

Мәңгілік өмір жоқ. Бірақ, Ділдә жеңгеміздің ұрпақ алдындағы, ағайындар арасындағы, жалпы қоғамдағы өнегесі мәңгілік деуге болады. Ел анасының жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде ұмытылмайды.

Ибатолла СӘТЕНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521