Еңбек адамы – қоғамның алтын қазығы

 

Қай кезеңде болсын елдің дамуы адал еңбекпен өлшенеді. Жаһандану дәуірінде жаңа технологиялар, жасанды интеллект жайлы көп айтылып жатқанымен, қарапайым жұмысшы мамандықтарының орны ешқашан кеміген емес. Өйткені құрылыс тұрмаса – ауыл көркеймейді, техника жүрмесе – далада егін өнбейді, ұстаз бен дәрігер болмаса – болашаққа жол ашылмайды.

Махамбет ауданында еңбек адамдарының үлесі ерекше. Биыл ғана іске қосылған бірқатар құрылыс жобаларында жергілікті жұмысшылардың қолтаңбасы бар. Жаңа мектеп ғимаратының іргесін қалаған да, ауыл арасындағы жолды жөндеген де – сол қарапайым еңбек иелері. Көрінбей жүрген еңбектің жемісін тұрғындар күнделікті тұрмысынан сезінуде.

Ауыл шаруашылығы саласында да жұмысшы мамандықтарының қажеттілігі арта түсуде. Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім кезінде механизаторлар мен тракторшылардың тынымсыз еңбегі аудан экономикасын алға сүйреп отыр. Олардың еңбегінсіз нанымыздың да, ырысымыздың да толық болмайтыны айқын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында кәсіби-техникалық мамандар даярлауға ерекше тоқталған болатын. Бұл – еліміздің әрбір аймағы үшін маңызды. Өйткені ертеңгі күні ауылдағы инфрақұрылымды дамытатын да, жаңа өндіріс ошақтарында еңбек ететін де – бүгінгі жас жұмысшылар.

Жастардың арасында дәнекерлеуші, құрылысшы, мал дәрігері секілді кәсіпке бет бұрып жатқандары қуантарлық. Бұлар – болашақта ел тірегіне айналатын мамандық иелері.

Бүгінгі таңда еңбек адамына құрмет – қоғамның басты парызы. Махамбет топырағынан түлеген қарапайым жұмысшылардың маңдай тері – ауданның дамуына қосылған зор үлес.

 

С.Жайлашев,

Махамбет аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT