Республика күні – тарихымыздың алтын әріппен жазылған парағы, қайсар халқымыздың ерік-жігерінің арқасында қол жеткізген ұлы мерекесі. Егемендік – үлкен күреспен, қайсар рухпен, ұлттың ұйытқысы болған береке-бірлікпен келген құтымыз. 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация» ғасырлар бойғы арманымыз бен мұратымызды жүзеге асыруға бағытталған тарихи құжат болды.
Егемендікті нақты іспен бекітер кезде Конституциямызды, Елтаңбамызды, Туымыз бен Әнұранымызды қабылдадық. Ұлттық валютамыз айналымға енгенде, рухымыз биіктей түсті. Мемлекеттік шекарамыз шегенделіп, оны қорғау үшін ел қорғанысы мен қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру міндеті тұрды. Сол тарихи кезеңде мен де өз қызметімді абыроймен атқарып, еліміздің қорғаныс саласын нығайту жолында еңбек еткенімді үлкен мақтанышпен еске аламын.
Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған кезде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша басқармасының бастығы қызметін атқарып жүрген едім. Тәуелсіздік алған соң бұрынғы комитеттің орнына өз халқын қастерлейтін, қадірлейтін, елін, жерін, Отанын қорғайтын, заңды бұлжытпай орындайтын Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылып, мен төрағаның бірінші орынбасары болып тағайындалдым.
Бұл жерде «қайта құрылдық» деген сөз айтуға ғана жеңіл. Негізі бұрынғыдай болғанымен, көптеген шарты, жүйесі, қызметтік базасы мүлдем жаңадан құрылған комитеттің ең әуелі қызметтік ережесін бекітіп алу керек болды. Жаңадан ереже жаздық. Ол құжатты көптеген заңгермен, лауазым иелерімен ақылдасып, заңдылық жағын, Конституцияға сай баптарын түгелдей жаңадан құрдық. Көп ұзамай комитеттің қызметтік ережесі дайын болды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі реформа мұнымен ғана тынбады. Президент аппаратымен келісіп, мамандарды іріктеу әрі облыстық басқармаларға басшы дайындау ісі өте күрделі әрі аса қиын шаруа еді. Күні-түні уақытпен санаспай, жұмыс орнымызда тапжылмай отыруға тура келді.
Кешікпей Президенттің арнайы Жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалдым. Кадр мәселесі қиындап кеткені шындық еді. Көп қызметкерлер тарихи отаны Ресейге кетіп қалды. Өзіміздің мамандар әлі ысылып, қалыпқа түскен жоқ. Енді не істеу керек? Ойланып-толғанып тапқанымыз – білікті маман даярлайтын оқу орнын ашу болды.
Сонымен өзім бастап, жоғарғы лауазымда отырған кісілер қолдап, ҰҚК академиясын құрдық. Бірақ оған білікті оқытушылар жетіспеді. Дегенмен «көш жүре түзеледі» демекші, ақырындап бәрі орнына келе бастады. Келешекте оның керемет оқу орны болатынына нық сендім. Бүгінде сол академия Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белді оқу ордасына айналды.
1995 жылдың аяғында Президент Жарлығымен Ұлан әскери жасағының қолбасшысы қызметіне ауыстым. Бұл жасақ – алыс-жақын шетелден келген мәртебелі қонақтарды қарсы алып, сап түзеп алдынан өтіп, құрмет көрсетіп, халық ілтипатын білдіретін әрі Қарулы күштеріміздің салтанаты қандай екенін көрсететін жасақ. Ұланға қарап еліміздің қауіпсіздігін қорғайтын әскеріміздің қуат-күшін, айбынын байқайды, бағамдайды, бағдарлайды.
Алғашқыда Президенттің күзет қызметі мен Республикалық ұланды қоса басқарып жүруіме тура келді. Президенттің арнайы Жарлығымен 1997 жылдың наурызынан Ұлан әскери жасағының қолбасшысы міндетіне басыбайлы орнықтым. Яғни бұрынғы екі қызметті қатар алып жүргенді қойып, енді тек Ұлан қолбасшысы деген лауазымды иелендім. Ерекше назар аударарлық жайт – Ұлттық ұланымыз жеке ұсыныспен және ТМД-да бірінші болып біздің елде құрылды. Осы жағдай көңілімді қуанышқа бөлейді.
Одан кейінгі қолға алған істің бірі – тіл мәселесі еді. Ұсынысым бойынша Ұланда мемлекеттік тілді қолдануды қолға алуды күшейтуге тура келді. Әйтпесе, іс-қағаздарының бәрі орысша болатын. Тіпті пәрмен беру, рапорт берудің өзі орыс тілінде. Оларды қазақшалау міндеті алдыңғы меже етіп қойылды. Мамандардан арнайы топ құрдық, әрқайсысы өздеріне жүктелген тапсырманы өте жақсы орындап шықты. Әскери сөздер мен терминдерді, пәрмен берудегі, рапорт дайындаудағы арнайы сөздерді қазақшалап, терминология комиссиясына жіберіп, баспасөз арқылы жұртшылықтың талқысына салдық. Әу баста қарсылық танытқандар табылып жатты. Не терминге көңілі толмай, не дыбысталуы күрделі деп қиындық туғызған азаматтар да кездесті. Ал қазір Ұланның сарбаздары қазақ тілінде сайрап жүр. Қазақша рапорт береді, сәлемдеседі. Оның үстіне ең басты мәселе – іс-қағаздарын түгелдей дерлік мемлекеттік тілге көшірдік. Осылайша, әскери жасақ екенімізге қарамастан бар қазақтың жүрегіне жол табуға тырыстық, назарын аударуға күш салдық.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алдымыздағы мақсат сталиндік зұлматтың қанды қылышына ұшырап, опат болып кеткен аяулы азаматтарымызды архив деректерінен іздеп табу еді. МҚК мұрағатынан олардың іс-қағаздарын көтеру, жазықсыз жапа шеккен, сотталған, атылған кісілердің атын қайтадан жарыққа шығарып, ақтап алу науқаны басталды. Бұл науқанға өз басым белсене араластым. Сол кезде елімізде жалаға ұшыраған азаматтарды ақтап алатын «Әділет» қоғамы құрылды. Оның жетекшісі Тарих және этнология институтының директоры, академик Манаш Қозыбаев еді. Өзім облыстық МҚК басқармасында қызметте жүрген уақытта саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның төрағасы болдым.
Біріншіден, аталған азаматтардың құжаттарын зерттеп, бас-аяғын жинақтап, ақтап шығу керек болса, екіншіден, қай жерде атылғанын білу қажет еді. Өкінішке қарай, архивтен бұл сұрақтарға толық жауап беретін құжаттар табылған жоқ. Жойып жіберген сыңайлы. Содан бірнеше топ құрдым. Бір топ 30-жылдары маңызды орындарда жұмыс істеген адамды іздеді. Екінші топ ел аузында жүрген деректер бойынша жұмыс істеді. Газет, журналдарға шыққан ақпаратты егжей-тегжейлі зерттейтін тағы бір топ құрылды. Тікелей архив материалдарын тексеретін өз алдына жеке бір топ болды. Осындай жұмыс күні-түні жүргізілді. Еңбегіміз еш кеткен жоқ. Біраз мәселенің беті ашыла бастады.
Содан 1999 жылы мен Қорғаныс министрі болып тағайындалдым. Ол уақытта еліміздің экономикасы, тұрмыс жағдайы, әл-ауқаты мәз емес болатын. Халық жағдайы қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда ауыр еді. Тіпті жарық, азық-түлік тапшылығы да кейбір өңірлерде кездесіп жататын. Қорғаныс саласына барған кезде де осындай тапшылыққа көзім жетті.
Есімде, қараша айында Қауіпсіздік Кеңесінде Қарулы күштерді реформалау мәселесін тыңдайтын болды. Сол тыңдау басталғанға дейін қарап отырған жоқпын. Барлық гарнизонға тағы да барып жағдайларын пысықтадым. Сарбаздардың жалақысы төмен, оқ-дәрі мүлде жоқ, тіпті киімдері де ескі-құсқы, әбден тозған. Оған себеп – алатын қаражат жоқ. Кем-кетіктің орнын толықтыруға ұйымдасқан түрде бар күшімізді жұмсадық. Нәтижесінде, бірінші Доктринаны қабылдадық. Ондағы заңдарды өзгертуді қолға алдық. Әскерлер жайындағы қаражаттың жетіспеушілігін жою жөніндегі бұрыннан мазалап келе жатқан сұрақтардың шешімін таптық.
Қорғаныс саласын реформалау мәселесі күн тәртібінен түспеді. Себебі әскерлер солтүстік-шығыста ғана орналасқан. Ал басқа өңірлер бос. Сондықтан да басқа өңірлерді әскер құрамымен толықтырып, төрт округ құрдық.
Біз ол жылдары жаңа мемлекет мүддесіне қызмет етудің қаншалықты жауапты іс екенін терең сезіндік. Әскердің беделін көтеру, офицерлер корпусын қалыптастыру, жас сарбаздарды Отанға адал болуға тәрбиелеу басты мақсатымыздың бірі болды. Тәртіп пен ерлік, елге деген сүйіспеншілік әр әскери қызметшінің бойында болуға тиіс қасиеттерді ел қорғайтын ұландардың бойынан көргіміз келді. Сол үшін патриоттық тәрбиеге аса мән бердік. Іргетасы мықты болған соң, бүгінде тыныштық күзетінде қызмет етіп жүрген азаматтарымыз ел егемендігінің тірегіне айнала білді деп сенемін. Қиын-қыстау кезде елдің тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті сақтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысатын құрылымдар бүгінгі таңда заман талабына сай жаңарып, кәсіби деңгейі жоғары, ел сенімін ақтап жүрген мықты күшке айналғаны қуантады.
Мемлекеттілікті нығайту жолында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың тарихи маңызы зор. Мемлекет басшысы елдің тұрақтылығын, халықтың әл-ауқатын арттыруды, әділдік пен заң үстемдігін орнатуды басты бағыт етіп отыр. Биылғы Жолдауында: «Біздің басты мақсатымыз – Әділетті Қазақстанды орнықтыру. Ол үшін елдің тұтастығын, қоғамның тұрақтылығын және азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуіміз қажет», деп атап өткен еді. Шын мәнінде, қазіргі саяси және әлеуметтік реформалар қоғамды жаңғыртып қана қоймай, халқымыздың мемлекетке деген сенімін күшейтіп отыр. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына негізделген жаңа басқару жүйесі ел дамуының стратегиялық бағытына айналды.
Әсіресе ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс саласын дамытуға, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуі – ел қауіпсіздігінің нақты кепілі. Мұны Президенттің: «Мемлекеттіліктің берік қалқаны – бұл қауіпсіздік жүйесі. Біз өз әскери қуатымызды арттырумен қатар, қоғамдағы тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін де нығайтуымыз керек», деген сөзінен де айқын аңғарамыз.
Ел мен жердің қауіпсіздігі – егемен еліміздің ең басты қауіпсіздігі. Қорғанысы мықты елдің іргесі бекем. Еліміз бейбіт, халқымыз тыныш, шекарамыз берік болсын!
Сәт ТОҚПАҚБАЕВ,
Халық қаһарманы, запастағы генерал-полковник