Бүгінгі заманда қай мемлекеттің де елін гүлдендіріп, өркендетіп отыру үшін алдына қойған өз міндеттері, жоспарлары болады. Ол сол елдің экономикалық-әлеуметтік қуаттылығын арттыру арқылы халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға негіз болатыны айтпаса да түсінікті.
Осы тұрғыдан алғанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында осы мәселеге ерекше көңіл бөлуі, экономикалық даму және реформаларды саралап, тұрақты экономикалық өсуді тұрақты қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру Үкіметтің басты міндеті болып табылатынына баса назар аударуы бекерден-бекер болмаса керек.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қаржылық- валюталық мәселеге тоқтала келіп, экономиканы басқарудың барлық деңгейінде кәсіби, құзыреттілік тәсілін күшейту қажеттігіне де назар аударды.
Бұл ретте Президенттің: "Қазақстанға өңірлік ерекшеліктерді жақсы түсініп қана қоймай, нақты заманауи тетіктерін терең, жүйелі білетін, ең бастысы, нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған батыл, төтенше және прагматикалық шешімдер қабылдай алатын жоғары білікті мамандар қажет. Құзыретті дарынды кадрларды даярлауға, таратуға және ең бастысы, сақтап қалуға баса назар аудару елдің болашағы үшін экономикалық тұрақтылық пен егемендігінің стратегиялық маңыздылығын көрсетеді" -деген сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатқан сияқты көрінеді маған.
Жалпы сұхбатта Мемлекет басшысы бұдан басқа да өзекті мәселелерді көтерген. Сыртқы, ішкі саясат болсын, елдің дамуы болсын қай мәселеге де Президент немқұрайды қарамайтынын тілге тиек еткен. Бір айта кететін жайт - тілші Президентке қоғамымызда бұқара тарапынан айтылып жүрген түрлі алып-қашпа әңгімелерді ашық түрде қоя білген.Меніңше, сұхбат жұртшылыққа сонысымен де құнды болғаны сөзсіз.
Еркін Жұмажанов,
сарапшы экономист