Екпеден бас тарту – емнен бас тарту

 

Ғаламтордағы ақпарат пен қарапайым адамдардың алып-қашпа әңгімелері екпе салдыртудан бас тартатындардың санын арттырып жіберді.

Алайда, екпе алудан бас тартса да, жеңіл-желпі ауруға дәрі-дәрмек іздеп, айығуға асығатындар көп.

Кейде дәрігер дәрі жазып бермей жатса, риза болмай қаламыз. Ал, шындыққа келгенде, осы антибиотиктерге орынды орынсыз жүгінудің зиян екенін ескермейді. Өйткені, адам ауырып жаны қиналып тұрған сәтте, қандай нәрсемен болса да, көмек болғанын күтеді. Сол вакцинаны зиян деп бас тартушы ата-ана баласы ауыра қалса, дәрігерге жүгіреді, қандай дәрі болса да алуға дайын. Оның зияндылығы туралы ойламайды да.

Екпе тек сау адамға салынады, организмде белгілі бір жұқпалы ауруға қарсы иммунитет қалыптастырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жылына 500 миллион адам жұқпалы ауруға шалдықса, оның 400 миллиондайы егілмегендер екені анықталып отыр.  Сондықтан түрлі жұқпалы ауруларға қарсы егудің маңыздылығында еш күмән жоқ. Ерте дәуірде-ақ азиялық көшпенділер адам мен малға шешекті, ешкіге кебенекті, сиырға алаөкпені егу арқылы оларды қатерлі аурулардан сақтап отырған. Екпенің не екенін барлық ата-аналар білсе де, осы балаларымызды екпе арқылы қорғап жүрген инфекциялармен бетпе-бет кездескендері кемде-кем. Біздің аудан тұрғындары арасында да соңғы  көптеп тіркелген А вирусты гепатиті шығар. Ол да 2005 жылдардан бастап тек алдын алу екпесін салу нәтижесінде ғана тоқтады, қазір тіркелмейді де. Ал дифтерия, сал, көкжөтел сияқты ауруларды көрген де жоқ. 40 жыл жұмыс  тәжірибемде ауданда қызылшаның бірнеше дүркін көтерілуін, іш сүзегін (брюшной тиф), дифтерияның 1 жағдайын, обаның 1 жағдайын көрдім. Қазіргі жас ата-аналар ол ауруларды көрмегендіктен күмәнданатын болар. Осылай бола берсе, бүгінге дейін қалыптасқан ұжымдық иммунитет жойылып, «жұқпалы аурулар бас көтере ме?» деген қорқыныш бар. Өйткені, біздің ауданда балаларына екпе салдырудан бас тарту 2010 жылдары басталды. Екпе алмаған балалар мектепке, балабақшаға барып жатыр. Ал, қазір қозғалыс көп. Қазақстанды айтпағанда, шетелде оқып, демалып келіп жатқандар көп. 2019 жылы қызылша ауруы бас көтергенде кездескендей, бір үйге Атыраудан келген қонақ бала ауырып, ол сол үйдің балаларына жұқтырып, бірнешеуі ауырды, бір жерде Алматыға, Ақтауға қыдырып барып  келіп ауырды. Бір-біріне қонаққа барғандардан жұғып ауырғандар қаншама?  Осылай  тізбек кете берді. 

Алып-қашпа әңгіме көп, оның бәрі сол мәселені толық білмеген, түсінбеген  жағдайда шығады. «Вацинация жасату не үшін керек?» деген сұрақ көп қойылды. Бұл емшара кезінде ағзаға аздаған мөлшерде вакцина енгізіледі, ол ағзаға зиян келтіретін белгілі бір инфекцияға қарсы антитела тудыруы тиіс. Сөйтіп ағзада осы ауруға төтеп беретін иммунитет қалыптасады. Әрбір вацинаның қатаң қолдану тәртібі, енгізу жолдары, қолдануға болмайтын жағдайлары бар. Қазіргі заңдылыққа сәйкес, бала толық медициналық тексеруден өтіп, ата-анасына жасына сәйкес қандай екпе алатыны түсіндіріліп, келісім бетшесіне қол қойғаннан кейін ғана екпе салынады. Яғни, профилактикалық егу жасаудың шарты бұл жазбаша түрде ұсынылған келіскендігі не бас тартқандығы туралы қолхаттың болуы. Ең бастысы, біздің мамандар тарапынан екпе салу кезінде салғырттық болмауы керек.  Баланы мұқият қарап, ауырып тұрған немесе жақында айыққан сәбиге вакцина салуға балмайтынын ескеруі керек. Егер ата-ана сәбиінің денсаулығын тұрақты бақылап, ай сайын дәрігерге көрсетіп, алатын екпесін қадағалап отырса,  қандай аурулардан қорғанып жатқанын біліп отырады.  Біз қоғамда жеке өзіміз сүріп жатпағандықтан екпе жұмысы қоғам саулығы үшін іске асырылады. Жоғарыда айтқандай, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін иммунизациялауға тиісті тұрғындардың 95 пайызы   екпемен қамтылуы керек. Ұжымдық иммунитеттің жойылуы кейбір инфекциялық аурулар ошағының өршуіне соқтыруы мүмкін. Сондықтан  сәбилеріңіздің дені сау, жұқпалы аурулардан қорғалған болып өсуі үшін сапалы ас-ауқатпен тамақтандыру, дене жаттығуларына жеткілікті көңіл бөлумен қатар, уақтылы өз емханаңызда тексеріліп, алдын алу екпесін алып отырғаныңыз  дұрыс.                                                                                             

Озихан ШАКЕСОВА, 

Исатай аудандық СЭБ басқармасы  инспекторы,

дәрігер эпидемиолог 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT