Ел дамуына кедергі фактор

фото: интернеттен

Қазіргі қоғам да, дәуір де мүлде өзгеше. Көз ілеспес жылдамдықпен дамып, жаңа белестерге ұмтылған кезең. Әсіресе, ақпараттың кең тараған шағында кез келген заңсыздық пен тәртіпсіздікті әшкере етіп, жолын кесудің үлкен мүмкіндігі бар. Бұл тұрғыдан алғанда қоғаммен бірге «жасалып» келе жатқан сыбайлас жемқорлық мәселесін де шешудің негіздері қалыптасқаны жасырын емес.

Сыбайлас жемқорлық  - заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел барлық әлем елдеріндегідей біздің мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіретіндігі белгілі.
Елімізде жемқорлыққа қарсы нормативтік құжаттар талабының аясында нәтижелі іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Дегенмен де, аталмыш дерт елімізде түп тамырымен жойылып кетті деу артық. Сондықтан біздің әрқайсысымыз кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде белсенділік танытуымыз қажет.
Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Осы себепті де сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын әрбір лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардардың әрбір маманы өз өкілеттігі шегінде сыбайлас жемқорлықпен күрес әрекеттерінің орындалуын қамтамасыз етуге, парақорлыққа жол ашатын қадамдарды болдырмауға, жемқорлық фактісінен зәбір көрген әрбір азаматқа заң талаптары тұрғысынан кеңес беруге, парақорлық фактілерін жасырмай жариялауға міндетті.
Сыбайлас жемқорлыққа әкелетін себептер өте көп. Ең негізгі себептердің бірі мемлекеттік қызметшінің халық атынан өзіне сеніп тапсырылған өкілеттілікке бей жай қарауы, жеке бастың қамын ойлау, құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы,кәсіби әдептілігінің жетіспеуі, парақорлықтың кесірін сезінбеуі.
Ел болашағы мен мемлекет қызметінің әрбір саласына нұқсан келтіріп, халықтың билікке деген сенімін жоғалтатын парақорлық, жемқорлық дертімен күресудің жолы біреу ғана – жемқорлыққа жол бермеу, жемқорлық фактілерін көргендей немқұрайлылық танытпау, заңсыздыққа жол берген жағдайды әшкере ету, пара бермеу және пара алмау. Осы бағытта аудандық санитариялық эпидемиологиялық қызмет саласы да өз өкілеттігі шегінде қадамдар жасап келеді. Бұл шаралар әрмен қарай да жалғасын таппақ.
Ендеше, көзі қарақты оқырман, сыбайлас жемқорлықпен күресу сіз бен біздің еншімізде. Осы бағытта біздің салаға қатысты қандай да бір көкейтесті мәселелеріңіз бен сауалдарыңыз болса басқарманың сенім телефоны 2-04-70. Қоғам дертімен қоғам боп күресуге шақырамыз.

Исатай аудандық 
санитариялық-эпидемиологиялық 
бақылау басқармасы басшысының м.у.а  Г.Б.Бисенбай                
                                                                

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT