Ел назарында – Еділ мен Жайық арасы

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Исатай және Құрманғазы аудандарында болып, әлеуметтік нысандар сапасына назар аударды

Өткен аптада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Исатай және Құрманғазы аудандарында бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын құрылыс нысандарын аралап, техникалық қадағалауға қатысты ескертулер берді. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақ басшысы алдымен Исатай ауданына қарасты Зинеден ауылындағы Каспий теңізі жағалауында бой көтеретін 500 орындық оқу-сауықтыру лагерінің құрылысымен танысты.

Құрылысқа байыпты бақылау қажет

Лагерь құрылысы, аталған нысанға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу шағын және орта бизнес субъектілеріне жаңа демалыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ал, бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнес субъектілерін көбейтуге, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға ықпал етеді. Қазір оқу-сауықтыру лагерінің жобалық-сметалық құжаттамасы сараптамадан өтіп жатыр.

Сондай-ақ, Зинеден ауылындағы 100 орындық балабақша, осы аудандағы ауылішілік жолдар құрылысының барысын тексерді. Биыл өңірде 280 шақырым жол құрылысын жүргізу жоспарланған болса, оның 220 шақырымы – облыс орталығында, қалғаны аудандарда салынуда. Алайда, құрылыс жұмыстарына күнделікті техникалық қадағалаудың жоқтығы байқалып отыр. Құрылыс сапасына бақылау жүргізуге жауапты мамандар кейбір жұмыс түрлерін нысан басына бармай, қашықтан қабылдап келген. ­

– Бұл – жауапты тұлғалардың қателігі. Техникалық қадағалау күн сайын болуы керек. Техникалық қадағалау мамандарының қорытындысы бойынша тапсырыс берушілер нысанды балансқа қабылдайды. Ал, күнделікті қадағалаудың болмауы салдарынан құрылыс процесінде кемшіліктер кездесуі мүмкін. Кейін соларды жою қажеттілігі туындап, қосымша бюджет қаражаты жұмсалады. Техникалық қадағалау мамандары нысанда күн сайын болып, барлық жасалған жұмыс сапасын бақылауы керек. Бұл – біздің талабымыз. Оның орындалуын бақылауда ұстаймыз. Ал, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері өз ауылдарындағы жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастыруға күш салғаны дұрыс. Бұл үшін қажет жағдайдың бәрі бізде бар, соларды тиімді пайдалануға тиіспіз, - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Газ құбыры тартылуда

Аймақ басшысы Құрманғазы ауданына сапары барысында әлеуметтік нысандар құрылысының сапасына баса назар аударды. Өйткені, бұл ауданда да тұрғын үй де, аурухана мен мектеп те салынып жатыр. Тұрғындар үшін бәрінің маңызы ерекше екені даусыз. Әсіресе, Азғыр өңіріндегі 10 елді мекеннің 7 мыңнан астам тұрғыны газ құбырын асыға күтіп отыр. Былтыр құрылысы басталған газ құбырын алдағы жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоба бойынша газ құбырының ұзындығы 365 шақырымды құрайды. Осы кезге дейін 274 шақырымға газ құбыры жеткізіліпті. Құбыр құрылысын жүргізуге 125 адам жұмысқа тартылып, 100-ден аса техника жұмылдырылыпты. Енді бір айдан соң құбыр бойымен газ жіберіліп, алғашқы сынақты жүргізу көзделіп отыр.

­­– Мемлекет басшысының шекаралас аймақтарды дамыту қажеттігі туралы тапсырмасына сәйкес Азғыр өңіріндегі елді мекендерді газдандыру және электр желілерін жүргізу концепциясын жасадық. Қазір газдандырудың соңғы сатысы жүріп жатыр. Ендігі міндет іргеге келіп тұрған газды ауыл ішіне тарту болып отыр. Бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың бақылауында болады, - деді облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы.

Ауыз сумен қамту – басты мәселе

Сонымен бірге, аймақ басшысы Азғыр өңіріндегі Қошалақ, Үштаған, Асан, Азғыр, Балқұдық, Сүйіндік, Қоңыртерек, Егінқұдық, Батырбек ауылдарындағы әлеуметтік нысандарды аралап, Ресей Федерациясымен шекарадағы «Балқұдық» рұқсат беру бөлімшесінің жұмысымен танысты. Ауылдардың тұрғындарын толғандыратын мәселелерді шешудің жолдары қарастырылды. Мәселен, Қоянды топтық су құбыры ауылдарға тартылған. Мұнда 60 ұңғыма, су жинайтын екі орын бар. Мамандардың пікірінше, ауылдарды ауыз сумен толық қамту үшін тағы да үш ұңғыма бұрғылануы қажет. Алайда, ауыз суды аталған құбырдан емес, әлі де автокөлікпен құйдыратындар бар. Ал, көлікпен тасымалданған судың бағасы 1200 теңгеге дейін жетеді. Әр үйге су құбыры тартылып, есептегіш орнатылса, су бағасы әлдеқайда арзандар еді. Осыған орай облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ауыз су құбырын тұрғын үйлерге тартудың жобасы жасалуы қажеттігін нақтылады.

– Біздің міндетіміз – тұрғындардың өмірін жақсарту үшін барлық жағдайды жасау, қолда бар барлық мүмкіндікті пайдалану. Бұл процеске барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері, қоғамдық институттар, барлық деңгейдегі мәслихаттар тартылып, әкімдіктер жергілікті жерлерге қажет жобаларды ұсынуы тиіс. Жергілікті тұрғындардың үміт-армандарын, қандай да бір елді мекенді жақсарту үшін ненің жетіспейтінін бәрінен бұрын сіздер жақсы білесіздер. Өкінішке қарай, кейбір аудандарда жұмыстың бұл тетігі толық іске аспайды. Әкімдер, депутаттар, қоғам қайраткерлері осы іске қатысуы керек. Жақсы жобаларға біз барлық уақытта қаражат табамыз, - деген Нұрлан Ноғаев шалғайдағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың алдында тұрған басты міндеттің бірі екенін баса айтты.

Азғыр өңірінің тұрғындарын 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін сумен жабдықтау нысандарын қайта жаңғырту құрылысын салу бойынша шаралар қабылдануда екенін атап өткен жөн. Олардың қатарына Қоянды топтық су құбыры арқылы ауыз сумен қамтамасыз етіліп отырған Азғыр, Балқұдық, Батырбек, Сүйіндік, Жалғыз-апан, Қоңыртерек, Егінқұдық аталатын 7 елді мекен кіреді. Сонымен қатар, Асан, Үштаған елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталуда. Ал, Қошалақ, Ниетбай ауылдары жерасты суын пайдаланып отыр.

Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген:

Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ

"Атырау" газеті, №61(20 250)

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521